Нұрилә Абдуллаева: Инклюзия – тең мүмкіндік пен адамдық қадір-қасиетті мойындау

Азамат Қойшығара 28 нау. 2025 10:19 87

Инклюзивті білім беру бүгінде тек білім саласының емес, бүкіл қоғамның күн тәртібіндегі маңызды тақырыпқа айналды. Қазақстанда соңғы жылдары бұл бағытта бірқатар заңнамалық және құрылымдық өзгерістер енгізілгенімен, нақты іске келгенде шешілмеген мәселе әлі де көп. Біз осы тақырып аясында «Harmony» қайырымдылық қорының тең құрылтайшысы Нұрилә Абдуллаевамен сұхбаттасып, инклюзияның қазіргі ахуалы, кедергілер мен шешу жолдары туралы әңгімелестік.

– Нұрилә ханым, Қазақстанда инклюзивті білім берудің дамуына қандай баға берер едіңіз?

– Соңғы жылдары бұл салада оң өзгерістер бар. Инклюзивті білім беру заңнамалық деңгейде бекітілді, мектептерде арнайы сыныптар ашылып жатыр. Бірақ нақты өмірде бұл жүйе толыққанды іске асып жатыр деп айту қиын. Басты мәселе – кадр тапшылығы. Инклюзивті ортада жұмыс істеуге дайын педагогтар, дефектологтар, тьюторлар өте аз. Тек сынып ашумен шектелмей, сапалы оқыту мен тәжірибе қажет.

– Тек мамандар емес, қоғамның да инклюзияны толық түсінбеуі кедергі болып жатқан жоқ па?

– Дәл солай. Қоғамда әлі де көптеген теріс түсінік бар. Кейбір ата-аналар ерекше қажеттіліктері бар балалар жалпы сыныпта оқыса, басқа оқушылардың оқу үлгеріміне кері әсер етеді деп ойлайды. Бұл – ақпараттың жоқтығынан туатын қорқыныш. Шын мәнінде, инклюзивті білім барлық балалардың – соның ішінде дені сау балалардың да – эмпатиясын, шыдамдылығын арттырады. ЮНЕСКО зерттеулері осыны дәлелдеп отыр.

– Қандай инфрақұрылымдық кедергілер бар?

– Көп мектептер әлі де физикалық тұрғыда бейімделмеген. Мысалы, арбадағы бала үшін пандус немесе лифт жоқ. Сонымен қатар оқу бағдарламалары мен әдістемелер де ерекше қажеттіліктерді ескере бермейді. Инклюзия деген – жай ғана біріктіру емес. Бұл – баланың өзін қажет, қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік беру.

– Осы сөзіңізге мысал келтіре аласыз ба?

– Иә, Астанадағы мектептердің бірінде оқитын қыз бала ерекше қажеттілігі бар сыныптасымен достасқанын айтып берді. Басында ол баладан бәрі алшақ жүрген. Бірақ әлгі қыз бала онымен сөйлесіп, бір партада отырған, үзілісте бірге арнайы сыныпқа барып жүреді. Кейін ол бала математикаға қызығып, өлең айтуды үйренді. Бұл – бір достықтың қоғамды қалай өзгерте алатынының жарқын мысалы дер едім.

– Болашаққа көзқарасыңыз қандай?

– Позитивті. Соңғы бес жылда инклюзиямен қамтылған балалар үлесі 32 пайыздан 53 пайызға дейін өсті. Бірақ бұл – тек бастамасы. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қабылдаған 2025-2030 жылдарға арналған Инклюзивтік саясат тұжырымдамасы – осы саладағы жақсы қадам дер едім. Бірақ нәтиже болу үшін мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам бірігіп жұмыс істеуі керек. Сонда ғана ілгерілеуіміз жеделдей түседі

– Ал біз осы қоғамның мүшесі ретінде не істей аламыз, қандай шараларды атқаруға күш салуымыз керек?

– Инклюзия – бұл тек заңмен шешілетін мәселе емес. Бұл – әр адамның, әр ата-ананың, әр мұғалімнің, әр баланың ішкі дайындығы мен ниетіне байланысты. Біз ақпарат таратып, қолдау көрсетіп, стереотиптерді бұзуға үлес қоса аламыз. Себебі инклюзия – бұл тең мүмкіндік пен адамдық қадір-қасиетті мойындау.

– Әңгімекңізге рахмет!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар