Абай облысының әкімі Берік Уәли Семейдегі Абай атындағы халықаралық әуежайдың жұмысымен танысты,– деп хабарлайды Dalanews.kz
Аймақ басшысы әуежайдың терминалдарын, жолаушыларға арналған күту, жүк қабылдау залдарын, ұшу-қону жолақтарын және техникалық аумақтарды аралап көрді. Нысанға тиесілі техникалардың жағдайына назар аударды.
Әуежай директоры Ғазизбек Саматов облыс әкіміне жолаушыларды күту залы мен терминалдардың талапқа сай келмейтінін жеткізді. Қолданыстағы арнайы техникалардың тозғанын айтып, әсіресе қыс мезгілінде қар тазалайтын жаңа техникаларды алуға көмек көрсетуді сұрады.
Әуежайда аймақ басшысына ғимаратты реконструкциялау және нысан аумағына тікұшақтар қоюға арналған қосымша ангар салу құрылысының жобалары таныстырылды. Бұл жобалар әуежай инфрақұрылымын жаңғыртуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Облыс әкімі әуежайдың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңғыртылатынын атап өтті.
«Әуежайға қосымша ангар салу бойынша жобаны қолдаймын. Бұл - бірінші кезекте шешуді қажет ететін мәселе. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындаңыздар. Қар тазалайтын техникаларды сатып алуға көмектесеміз. Қалған жобаларды кезең-кезеңімен, жүйелі түрде жүзеге асырамыз. Әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болады», – деді аймақ басшысы.