Бала Жамбыл атымен елге танылған жас ақын Жамбыл Дүйсенов көпшілік алдына қайта шығуға ниетті екенін мәлімдеді. Біраз уақыт бойы халық назарынан тыс қалған ақын алдағы уақытта шығармашылығын жалғастырып, сахна мен эфирге қайта оралғысы келетінін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жамбыл Дүйсеновтің сөзінше, ол соңғы уақытта АҚШ-та болған. Алайда Америкаға оқуға бармағанын жеткізді. Ақын шетелге қандай мақсатпен барғанын кейінірек әлеуметтік желідегі парақшасында түсіндіретінін айтты.
"Халқымды қайтадан қуантқым келеді. Халқымның ықыласына бөленгім келеді. Халқымның жүрегінен орын тапқым келеді. Халықтың ықыласына бөленсем, мен үшін одан асқан бақыт та, марапат та жоқ. Қайтадан жарқ етіп шығамын. Халқыма уәде беремін", – деді ол жариялаған видеосында.
Жас ақын алдағы уақытта телеарналарға шығып, жаңа өлеңдерін көпшілікке ұсынуды жоспарлап отыр. Ол шығармашылығын дамытып, қайтадан ел алдына шығуға дайын екенін жеткізді.
Осыған байланысты Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова да Instagram парақшасында пікір білдіріп, ақынға қолдау көрсетті.
"Бала Жамбыл, ақын Жамбыл деп халықты сүйсінткен еді. Енді үлкен жігіт болып, басынан өткен қиыншылықты жеңіп, халыққа жаңа өлеңдерін жария етуіне тілектеспін", – деп жазды әнші.
Айта кетейік, Бала Жамбыл атымен танылған Жамбыл Дүйсенов 4 жасынан бастап өлең жазып, 7 жасынан жыр кештерін өткізіп, көпшілікті таңғалдырған еді. Кезінде оған белгілі ақын Мұхтар Шаханов та батасын берген.