Freedom Inside '26

«Қауіпсіз көлік сұрадық»: Ақмоладағы ауыр апаттан кейін тергеу басталды

«Қауіпсіз көлік сұрадық»: Ақмоладағы ауыр апаттан кейін тергеу басталды
ашық дереккөз

Ақмола облысының Біржан сал ауданында жұмысшыларды тасымалдаған тіркеме (вагонша) аударылып, төрт адам өндірістік жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оқиға «Қазгер» ЖШС жұмысшыларын егістікке тасымалдау кезінде болған. Зардап шеккендердің үшеуі ауруханадан шығарылғанымен, жас жұмысшылардың бірі Темірболат Қайыровтың жағдайы әлі де ауыр.

Дәрігерлердің мәліметінше, оның омыртқасы зақымданған. Алған жарақаты мүгедектікке әкелуі мүмкін.

Темірболаттың анасы Баян Балташева істің объективті тергелетініне күмәнданатынын айтты. Оның сөзінше, жұмысшылар бұған дейін бірнеше рет жұмыс берушіден адам тасымалдауға арналған қауіпсіз көлік беруді сұраған, алайда олардың өтініші ескерусіз қалған.

Ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиға жұмысшылар үйге қайтып келе жатқанда болған. Қозғалыс кезінде тіркеме жүк көлігінен ажырап кеткен. Тіркеменің сүйреткіші жерге тіреліп, вагонша төрт рет аударылған.

Оқиғадан кейін Темірболаттың анасы полицияға арыз жазуға барған. Алайда оның айтуынша, Біржан сал аудандық полиция бөлімі бастапқыда ұлының нотариалды сенімхатын талап етіп, арызды қабылдаудан бас тартқан.

Тек заңгерлер араласқаннан кейін ғана арыз тіркеліп, оқиға бойынша тергеу басталған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.