Freedom Inside '26

Алматы маңындағы полицей өлімі: жасөспірімдер үйқамаққа жіберілді

Алматы маңындағы полицей өлімі: жасөспірімдер үйқамаққа жіберілді
ашық дереккөзден

Алматы облысында полиция қызметкері Аслан Әлсеровті өлтірді деген күдікке ілінген кәмелетке толмағандарға қатысты бұлтартпау шарасы таңдалды. Сот шешімімен олар үйқамақта болады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жасөспірімдерге қатысты Кеген аудандық сотының шешімі туралы олардың адвокаттары Гаухар Сарыева мен Динара Шамшекова мәлімдеді.

Қорғаушылардың айтуынша, тергеу судьясы кәмелетке толмағандарды тергеу изоляторына қамаудан бас тартып, оларға үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдаған. Жақын арада оларға электронды білезік тағылып, бейнебақылау жүйесі орнатылуы тиіс.

"Сот отырысында қорғау тарапы тергеу аясынан тыс қалмауы керек бірқатар мән-жайға да назар аудартты. Балалар ұзақ жылдар бойы жүйелі зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынас жағдайында өмір сүрген болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Олар болған оқиғалардың куәгері ғана емес, өздері де соған ұшыраған болуы ықтимал. Біз мұны дәлелденген факт ретінде айтып отырған жоқпыз, сондықтан бұл материалдар тергеу барысында мұқият тексерілуі керек", – деді адвокаттар.

37 жастағы полицияның аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің өртенген денесі 23 маусымда Алматы облысы Кеген ауданынан табылды.

Оны өлтірді деген күдікпен марқұмның жұбайы, ұлы және тағы бір жасөспірім ұсталған болатын.