Қажыгелдиннің "дағдарыстан шығу" жоспары түкке жарамайды - сарапшы Байділдинов

Dalanews 04 ақп. 2025 15:24 3200

Экономист Олжас Байділдинов бұрынғы экс-премьер Әкежан Қажыгелдиннің Elmedia жобасындағы екі сағатқа жуық сұқбатын тыңдап, уақытын босқа сарп еткеніне іші ашыпты. Ол бұрын үкімет басқарған адамнан бос сөздер емес, нақты ұсыныс пен болжамдар күткенін айтады. Алайда сұқбатта мұның бәрі дәм-тұзы жоқ, құрғақ ас секілді болып шыққан, деп жазады Dalanews.kz.

Оның айтуынша, сұқбат екі күнде 208 мың қаралым, 2,5 мыңға жуық пікір жинаған. Онда да пікір білдірушілер билікті сынап-сыбап, керісінше Қажыгелдинге мақтау жаудырған. Байділдинов "экс-премьерден нақты жоспары бар, жүйелі бағдарлама күткен едім, бірақ соңы бос сөзге айналып кетті" деп қынжылады.

"Жалпы, қазір таң қалып отырмын, ол кісі қалайша вице-премьер, премьер болған? Сұқбатта "дағдарыстан шығу бағдарламасы бар" деп дабыра қылап жариялайды, бірақ, нақтысында, әдеттегі жаттанды тіркестермен ғана шектелген. Не нақты цифр жоқ, ал болжам деген атымен жоқ", – дейді экономист.

Ары қарай Байділдинов Қажыгелдиннің Лондондағы қымбат жылжымайтын мүлігіне жекелей тоқталды. Оның пікірінше, экс-премьер 2003 жылы Букингем сарайына жақын маңнан, британдық Виргин аралдарында тіркелген Zarek Investments Limited компаниясы арқылы 6,5 млн долларға үй сатып алған.

Бұл деректерді "Панама досьесіне" сілтеме жасап, "Азаттық радиосы" да кезінде жазған.

Демек, 90-жылдары Қазақстанда премьер болып тұрғанда ол кісінің жалақысы өте жақсы болған секілді! Бұл ол кісінің Лондондағы жалғыз жылжымайтын мүлкі болмауы мүмкін.

Экономистің айтуынша, Қажыгелдин өз сұқбатында энергетикалық кәсіпорындарды ұлттық меншікке қайтару, Қазақстанның бүкіл шекарасын дрондармен қорғау, барлық банкті бақылауға алу секілді ұсыныстар айтқан.

Бұған қатысты Байділдинов былай дейді:

"Энергетикалық нысандарды жаппай мемлекетке қайтарамыз" деген сөздің 90-жылдары жекешелендіруді қолдаған, тіпті одан пайда тапқан адамның аузынан шыққаны қызық екен. Сонда деймін де, Сіз жүргізген жекешелендіру ше, заңсыз болғаны ма? Ал дрон шығарып, не істейміз, бюджеттік дағдарыстан шығамыз ба? Тамаша шешім, негізі. Енді ол дрондарды қалай қуаттандырамыз, энергияны қайдан аламыз, сол мәселені де бірге шеше кетпедіңіз бе?!.".

Қажыгелдин шетелдік инвесторлармен арадағы келісімшарттарды да қайта қарауды ұсынған.

Бірақ Байділдинов: "Келісімшарттар өзіңіздің тұсыңызда жасалды емес пе? Неге сол кезде осының бәрін келісіп, реттей салмадыңыз, егер бұл осыншалықты оңай шаруа болса", – дейді.

Сонымен қатар экс-премьер өз сұқбатында Қанат Бозымбаевты президент әкімшілігіне, одан кейін премьер-министрлікке лайық деп атаған. Мұнай саласына қатысты да жалпы сипаттағы пікірлерін білдіріп, қайта өңдеу жайын да қозғаған.

Бірақ экономист: "Бұл – тың идея емес, нақты сандар мен мерзім, жүзеге асыру жоспары деген қайда" деп ортаға сауал тастайды.

Байділдиновтің айтуынша, Қажыгелдин ұзақ жылдан бері Ұлыбританияда тұрып жатыр, бірақ сол елдің салықтық жүйесі мен жалақы саясаты туралы бір де бір тұщымды талдау жасамаған.

"Мәселен, Ұлыбританияда қосымша құн салығы - 20%. Егер Қажыгелдин 20% жоғары деп есептесе, неге өзі тұрып жатқан елде бұл мөлшерлемеге қарсы шықпайды? Оның үстіне 90-жылдары Қазақстанда премьер болғанда, сол кісінің тұсында да ҚҚС мөлшерлемесі 20% болған. Мұны кезінде мен жазғанмын. Сонда ол өзі нені сынап жатқанын білмейді-ау деймін", - дейді экономист.

Сондай-ақ экономист Қажыгелдиннің Еуропарламенттегі: "Біз де демократияны қалаймыз, біз де Еуропадағыдай өмір сүргіміз келеді" деген сөзін еске ала отырып:

"Онда сол елдердің нақты тәжірибесін, жалақы төлеу жүйесін, бюджет саясатын зерттеп, Қазақстанға ұсынбай ма? Бірақ сұқбатта ондай ештеңе жоқ" – деп қынжылыс білдірді.

Байділдинов сұхбат соңында шетелде жүрген оппозиция өкілдерінің Қазақстанның ұзақмерзімді дамуы туралы нақты тұжырымдамасы жоқ екенін баса айтады.

"Егер өздері есеп-қисап жасай алмаса, Қажыгелдин, Әблязов, Храпунов, Мұсаев және тағы басқасы ортақ ақша шығарып, Big4 сияқты халықаралық кеңесшілерді тартсын. Әйтпесе, шынымен де халыққа ұсынар түгі жоқ, тек билікті сынағаны болмаса" – дейді ол.

Осылайша, экономист Олжас Байділдинов бұрынғы премьер-министрдің сұқбатын егжей-тегжей талдай келе, "Қажыгелдин ұсынған жол картасында" дәйекті цифр да, нақты болжам да, тұтас жүйелі бағдарлама да байқалмайтынын атап өтеді. Оның пікірінше, "экс-премьердің тұтас елді дағдарыстан алып шығатын әдіс-амалы жоқтың қасы".


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар