2025 жылы Рамазан айы қашан басталады? — ҚМДБ жауап берді

Dalanews 31 қаң. 2025 15:52 200

Қасиетті Рамазан айының басталуына 30 күн қалды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2025 жылғы діни күндер кестесіне сәйкес, биыл Рамазан айының алғашқы күні көктемнің бірінші күніне, яғни 1 наурызға сәйкес келеді. Кесте бойынша, биыл ораза 29 күнге созылады. Ал Қадір түні – наурыздың 26-сынан 27-сіне қараған түн. 

"Дегенмен, жаңа айдың көрінуіне байланысты бұл күндер бір күн алға не бір күн кейін шегерілуі мүмкін екенін ұмытпау керек",  - деп хабарлады ҚМДБ.

Діни басқарма Рамазан айы басталмай тұрып, өткен жылдағы қаза болған ораза күндерін толықтыру керегін ескертті.

Сонымен қатар Астана қаласы "Діндерді зерттеу орталығының" исламтанушы-лекторы Арман Нұрахметұлы Рамазан айына байланысты бірқатар кеңесін ұсынды.

Кім ораза ұстауға міндетті?

Оразаның мұсылмандарға парыз болатын шарттары:

- балиғат жасына жету;

- ақыл есі дұрыс болу;

- ораза ұстаушының денсаулығы жарамды болуы;

Рамазан айында күнделікті күнде оразаны қалай ұстау керек?

 Таң атқаннан (таң намазының басталу уақыты) күн батқанға дейін (кешкі ақшам намазының басталуына дейін). Осы уақыт ішінде ішуге, тамақ жеуге және жұбайыңызбен жыныстық қатынасқа түсуге болмайды. Демек, ақшам намазы уақыты кіргеннен бастап, таң намазына дейін (кешкі және түнгі уақыт аралығында), аталмыш тыйымдар рұқсат етіледі;

Ораза ұстаушының сәресі мен оразаға ниет етуі

Ораза ұстаушының сәресі (сухур) – Рамазан айындағы ораза кезіндегі таң намазы уақыты алдындағы ауыз бекіту (тамақты ішіп-жеу).

Ниет - Раббының әмірін орындау мақсатында, жүректе ораза ұстауға шешім қабылдау. Ниеттің орны жүрек, бірақ ниетті ауызша айтуға (білдіруге) болады.

Ниет айту (білдіру) нұсқасы: «Ниет еттім Аллаһ Тағала ризалығы үшін таңнан кешке дейін рамазан айының оразасын ұстауға». Немесе ҚМДБ – ның ресми сайттарының нұсқаларын қолдануға болады. Өз еріктерімен арабшасын немес қазақшасын айтсаңыз болады.

Ауыз ашар (ифтар) – Рамазан айының ораза кезіндегі кешкі асы. Ауыз ашар алдында дұға жасауменен бастағаны жақсы.

Дұға жасау нұсқасы: «Иә Аллаһ Тағала, Сен үшін ораза ұстадым, саған ниет еттім, саған сендім. Сенің берген несібеңмен ауыз аштым. Ертеңгі күннің оразасына да ниет еттім. Біздің өткен біліп те, білмей істеген күнәларымызды кешіре көр». Немесе ҚМДБ – ның ресми сайттарының нұсқаларын қолдануға болады.

Таң сәресіне ұйықтап қалсам, сол күнгі ораза ораза болып санала ма?

Таң сәресінде ас жеу өте қажет. Егер сіз сәресіне ұйықтап қалсаңыз, бірақ сіз ұйықтар алдында келесі күні ораза ұстауды жоспарласаңыз (ниет етсеңіз), ұйқыдан тұрғаннан кейін сіз әдеттегідей оразаңызды жалғастырай бересіз. Таң сәресінде тамақ ішпегеніңіз үшін алаңдамаңыз. Оразаңыз бұзылмайды.

Ораза кезіндегі тыйымдары, оны бұзатын жағдаяттары мен қазаларының өтелінуі ҚМДБ-ның ресми сайттарынан білуіңізге болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар