Forbes Kazakhstan және орыс тілі
Айтары жоқ, Forbes Kazakhstan журналы еліміздегі іскер топ өкілдеріне арналған орыс тіліндегі маңызды журнал екені белгілі.
Бұл тұрғыдан алғанда кез келген қазақ Forbes Kazakhstan журналымен мақтануына болады.
Басылым еліміздегі жетекші банктердің рейтингін түзетін жетекші журнал екенін де білеміз. Сол себепті еліміздегі қаржы ұйымдары жарнамаға бағытталған бюджетін қазақтілді басылымдарды аттап өтіп, Forbes Kazakhstan-ға бергісі келіп тұрады. Берсін!
Біз байбалам салғанымызбен олар біздің қазақша ойбайымызды бәрібір де түсінбейді. Қайтеміз енді?
Forbes Kazakhstan журналын шығару ісіне бел буып, білек сыбана кіріскен Асқар Аукенов өзінің жазған мақаласында басылымның банк саласындағы рейтинг түзетін негізгі құралға айналғанын айтыпты. Сөз жоқ, мақтануға тұрарлық жайт.
Аукенов мырза Батыс елдерінің Ресейге салынған санкцияларынан кейін Қазақстандағы Ресей банктері жұмысын тоқтатпай, қазақстандық банктердің құрамына өтіп, олардың салымшылары үшін жайлы жағдай жасалынғанын айтып, онсыз да елге белгілі жайтты тағы бір қайталап өтіпті.
Әлемдегі өзгеріс біздің «қара орыстарды» айналып өтті
Орыс әскері Украинаға басып кіріп, қырғын соғыс салған күннен бастап әлемде құндылықтар мен ой-пайымдар өзгерді. Өзгеріске түспеген біздің қара орыстар.
Оның ішінде өздерін технократ, либералды топтың өкілі санайтын қазақ кәсіпкерлері. Өйткені олардың бизнесінің көпшілігі Ресеймен байланысты. Сондықтан оларға бұл дүниенің өзгергені түкке де қажеті жоқ. Осы соғыстан кейін биліктің өзгеруінен кәсіпкерлердің өзгеруі қиын екенін анық байқағандай болдық.
Forbes Kazakhstan журналының редакторы мақаласының соңында әлемде тектоникалық өзгерістердіңорын алып жатқанын айтыпты.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын Forbes Kazakhstan журналы Forbes брендімен шығатын дүниежүзіндегі (!) үшінші басылым еді. Ол кезде алдымызда Ресей мен Украинада шығатын Forbes журналы болатын. Ал Украинадағы соғыстан кейін Украинада шығатын Forbes журналы орыс тілінде шығуын тоқтатты (енді қайта шығуы неғайбыл). Ал Ресейдегі Forbes Russia басылымын қағазға басып шығару ісі тоқтады. Өйткені Ресейде жұмыс істейтін халықаралық компаниялар санкциядан кейін елден кетуге мәжбүр болды. Осылайша, Ресейде Forbes Russia басылымын шығару ісі шығынға айналды. Енді орыс тілінде шығатын жалғыз, бірден-бір Forbes журналы Қазақстанда ғана шығатын болды, – деп бас редактор бөркін аспанға атып қуаныпты.
Иә, Аукеновтың жерден жеті қоян тапқандай қуанатын жөні бар. Енді Forbes Kazakhstan журналына жарнама берушілердің қатары арта түседі. Алдағы уақытта Украина мен Ресейдегі компаниялар да Forbes Kazakhstan-мен жұмыс істеуге ықыласы оянып, қаржыны аямай төгетін болады. Қазақ тілі ше?.. Оны ойлаған жан бар ма?
Бүгінде бүкіл әлем Ресейден, орыс тілінен, орыс мәдениетінен теріс айналып жатыр. Ал біз болсақ, Forbes журналының орыс тіліндегі нұсқасын өлтірмей, шығаруға күш салған ел ретінде айдай әлемге танылатын болдық.
Бұл не? Бұл – бизнес. Бұл – пайда. Кімге? Бұдан мемлекетке де, халыққа да пайда жоқ. Бұл еліміздегі ат төбеліндей орыстілді қауымның қалтасын қампитуға бағытталған шара.
Бұл – қазақ тіліне жасалған тағы бір соққы деп қабылдауға болатын шығар. Сіздер қалай ойлайсыздар!
Forbes журналын бүкіл әлем таниды. Орыс тіліндегі Forbes Қазақстанда ғана шығатын болса, әлем елдері Қазақстанды орыс тілінің екінші отаны деп қабылдайтыны анық қой.
Нұрлан ЖҰМАХАН