Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Корея мен Грузиядағы қазақстандықтарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның сөзінше, Оңтүстік Кореяда 30 мыңға жуық Қазақстан азаматы жүр.
“Елшіліктеріміз шетелдегі азаматтарымызбен үнемі байланыста болады. Негізі бұл саяси мәселе шешімін тауып жатыр. Біз басқа елдердің ішкі саясатына бас сұға алмаймыз. Қазіргі таңда басты мақсатымыз — Оңтүстік Кореяда тұратын азаматтарымызды қорғау. Өздеріңіз білетіндей, бүгінгі таңда Кореямен бизнес режим орнатылған. Сондықтан Қазақстан азаматтарының саны 30 мыңнан асады. Тағы бір айтып өтетін жағдай, кейбір азаматтарымыз ішкі миграцияның ережесін бұзып жүр. Яғни, заңсыз жүргендері де бар. Сол себепті бұл мәселені екі жақты шешуге тырысып отырмыз. Бүгінгі таңда Еңбек министрлігі, Сыртқы істер министрлігі арнайы жұмыстар жүргізіп жатыр”, — деп жауап берді ол Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына.
Сонымен қатар шенеунік Кореяда ұсталған Қазақстан азаматтарының жоқ екенін атап өтті.
“Ондай жағдай болған кезде Қазақстан азаматтарына бірден ақпарат береміз. Сонымен қатар ұсыныс та жолдаймыз”, — деді Бақаев.
Айтуынша, Грузиямен визасыз режим болғаннан кейін онда қанша азамат жүргені белгісіз.
“Грузиядан нақты қанша азамат бар екенін кесіп айта алмаймын. Грузияда визасыз режим енгізілген. Сондықтан көбі демалысқа немесе басқа да себептермен барады. Оңтүстік Кореядағы жағдайды айтып кеткенімдей, Грузиядағы елшілігіміз бұл мәселені бақылауда ұстап отыр. Біз кез келген қазақстандыққа көмек көрсетеміз және желілеріміз әрдайым ашық. Сондықтан шетелде қиындыққа тап болған кез келген азамат Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрай алады”, — деп атап өтті ол.
Айта кетсек, Юн Сок Ёль 3 желтоқсанда кешке елде төтенше әскери жағдай енгізген болатын. Бұл соңғы 45 жылда Оңтүстік Корея басшылығы тарапынан енгізілген алғашқы әскери жағдай болды.
Көп ұзамай Сеулдегі Ұлттық ассамблея ғимаратының алдында наразылық білдірушілер жиналып, полиция парламент ғимаратына кіру жолдарын жауып тастады. Қала көшелерінде әскери техника пайда болды.
Бірнеше сағаттан кейін 300 депутаттың 190-ы парламентке кіріп, әскери төтенше жағдайды тоқтату үшін дауыс берді. Оппозиция жетекшісі Ли Джэ Мен президенттің шешімін “конституцияға қайшы” деп атап, оны “халыққа қарсы әрекет” деп сынға алды.
Ал Қазақстанның Кореядағы елшілігі елдегі әскери төтенше жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Корея Республикасы президенті Юн Сок Ельдің әскери жағдай енгізуіне байланысты Корея Республикасында жүрген Қазақстан Республикасының азаматтарын сабырлық сақтап, жергілікті биліктің ұсыныстарын орындауға және көпшілік іс-шаралардан аулақ болуға шақырамыз.
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін төтенше жағдай туындаған жағдайда, жедел байланыс үшін +8210-6572-9311телефоны арқылы елшілікке хабарласуларыңызды сұраймыз!, - делінген елшілік таратқан хабарламада.