Өнімді бөлісу туралы келісімді қайта қарастыру: ТШО басшысы өз пікірін айтты

Кәмшат Тілеухан 14 ақп. 2025 09:57 1026

"Теңізшевройл (ТШО) консорциумы мен Қазақстан билігі арасында жасалған келісім шарттары әділетті". Бұл туралы ТШО-ның бас директоры Кевин Лайон мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне сілтеме жасап.

"Мен, ТШО-ның бас директоры ретінде, арада жасалған келісім шарттарын жергілікті нарық пен аймақ үшін әділ деп санаймын. Дегенмен түпкілікті шешімді акционерлер қабылдайды. Біз тек салық төлеп қана қоймаймыз, әлеуметтік нысандарға да төлемдер жасаймыз. Біздің келісім мен оның шарттары инвесторлар үшін де, Қазақстан халқы үшін де тиімді деп есептеймін", – деді ол Мәжілістің экология және табиғат пайдалану комитетіндегі отырыста.

Кевин Лайонның айтуынша, Қазақстан өз жұмысын "қауіпсіз" орындайтын, елге инвестиция ғана емес, сонымен қатар "құндылық" та әкелуші дүниежүзілік консорциуммен жұмыс істеуде халықаралық тәжірибе жинақтайды.

Соңғы уақытта ел билігі ірі жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған Өнімді бөлісу туралы келісімдерді қайта қарауға ниетті екенін мәлімдеген еді. Алайда Кевин Лайон "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне осы тұрғыда берген түсініктемесінде ТШО-ның Қазақстанда ӨБК (өнімді бөлісу келісімі) жүйесімен емес, роялти мен салықтар негізінде жұмыс істейтінін еске салды.

"ТШО-да Өнімді бөлісу туралы келісім деген жоқ, біз роялти мен салық төлеу шарттарына бағынатын мәміле аясында жұмыс істейміз. Қазақстанның жобадағы үлесін ұлғайту немесе қандай да бір өзгеріс жайына келетін болсақ, бұл ТШО-мен тікелей талқыланатын жайт емес, акционерлер мен үкімет арасындағы мәселе", – деп сөзін түсіндірді ол.

Бұған дейін Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев президенттің ірі жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісімдерді ұзарту және қайта қарау туралы тапсырмасы аясында, ең алдымен, "Теңізшевройлмен" (ТШО) келіссөздер басталатынын айтқан.

"Теңізшевройл" – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі саналатын Теңіз кенішінің операторы. Компанияның акционерлері: Chevron (50%), ExxonMobil (25%), "ҚазМұнайГаз" (20%) және "ЛУКОЙЛ" (5%).

Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Өнімді бөлісу туралы келісімдерді жаңартып, ел мүддесіне сай тәсілмен оларды ұзарту мақсатындағы келіссөздерді жеделдетуді тапсырған. Ал премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның тақтатас мұнайын өндіру туралы жоспары барын айтқан.

2025 жылдың 24 қаңтарында "Теңізшевройл" (ТШО) Келешек кеңейту жобасы аясында Теңіздегі үшінші буындағы зауытында шикі мұнайды өндіре бастады. Алдағы айларда ТШО өндірісті тағы 12 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Барлық нысан толық қуатпен іске қосылғанда Теңізден алынатын шикі мұнай көлемі жылына шамамен 40 миллион тоннаға жетуі ықтимал.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар