Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, Еуропарламент берген "Бостандық паспортының" иесі әрі ең беделді саяси эмигранттардың бірі Әкежан Қажыгелдинге қатысты реабилитация (ақтау) мәселесі келесі жылы билік ішінде талқылануы мүмкін. Бұл туралы DALA INSIDE дереккөзі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Дереккөздің айтуынша, бұл шешім Қазақстанның саяси жүйесіндегі жаңа кезеңнің символына айналып, елдің демократиялық бағыттағы ұстанымын күшейтуі ықтимал.
"Өткен нәрсе өтті. Әкежан Мағжанұлын ақтау орынды деген конструктивті ой бар. Біздің буынның болашақ ұрпақтың алдында осы мәселені шешіп кеткені дұрыс. Қазақстанға қайта ма, қайтпай ма - ол Қажыгелдиннің жеке таңдауы. Бірақ Қазақстан өз тарапынан оның үстінен қозғалған қылмыстық іс пен сот шешімінің күшін жойып, алғашқы қадамын жасайтын уақыты келді. Осы мәселе келесі көктемде ішкі кабинеттерде талқыланатыны жөнінде хабарым бар", - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Дереккөздің мәліметінше, Қажыгелдинге реабилитацияны тек Жоғарғы Сот бере алады, себебі 2001 жылы дәл осы сот оны қызметтік өкілетін теріс пайдаланды және салықтан жалтарды деген айыппен сырттай 10 жылға соттаған болатын. Ол кезде Қажыгелдин саяси эмиграцияға кетіп, Лондонда тұрақтаған еді.
Кейін Еуропарламент пен халықаралық ұйымдар оны саяси босқын деп танып, жүріп-тұру еркіндігін қамтамасыз ететін Freedom Passport берген. Сондай-ақ Қазақстанның Интерполға жасаған өтініші жойылып, экс-премьерге қатысты досье Интерпол базасынан толық алынып тасталды.
2002 жылдан кейін Қажыгелдинге қатысты қудалау бәсеңдеді. Дереккөздің айтуынша, сол жылдары Назарбаев режимі басты назарын Рахат Әлиев пен Мұхтар Әбіләзовке аударып, Қажыгелдин саяси белсенділіктен гөрі конструктивті кеңесші рөліне жақындай бастаған.
"Соңғы жылдары Әкежан Мағжанұлы ел билігіне қарсы ашық оппозициялық ұстанымда болған жоқ. Керісінше, 2019 және 2022 жылдары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытын қолдайтынын ашық айтты. Сондай-ақ шетелге шығарылған заңсыз активтерді қайтару ісінде Қазақстан прокуратурасына бейресми түрде көмектескені туралы ақпарат бар", - дейді дереккөз.
Мәліметке сәйкес, реабилитация бастамасы Қажыгелдин тарапынан түсуі керек, яғни, ол немесе оның заңды өкілі Жоғарғы Сотқа ресми өтініш беруі тиіс. Сот өтінішті қалыптасқан тәртіппен қарайды.
"Қазір билік кабинеттерінде бұл тақырып бойынша консультациялар басталғалы жатыр. Менің білуімше, биліктегі ең ықпалды бес тұлғаның ешқайсысы Қажыгелдиннің ақталуына қарсы емес. Тек осы бастаманы нақты қолға алатын, техникалық процесті жүргізетін адам қажет. Сондай-ақ билік тарапынан Қажыгелдинге - “егер елге оралғыңыз келсе және ақталғыңыз келсе, бастама өзіңізден шықсын” деген ишара беріліп отыр», - дейді дереккөз.
DALA INSIDE дерегі бойынша, егер бұл процесс жүзеге асса, Әкежан Қажыгелдиннің ісі Қазақстанның саяси тарихындағы маңызды бетбұрыс болуы мүмкін. Реабилитация арқылы ел билігі демократиялық институттардың жұмыс істей бастағанын көрсетуге және Еуропалық одақпен қарым-қатынасты нығайтуға үміт артып отыр.
