АҚШ президенті Дональд Трамп Конгреске Иранға қарсы әскери қимылдар тоқтатылғаны туралы хат жолдады. Ол қазіргі бітім режиміне байланысты әскери операцияларды жалғастыру үшін заң шығарушылардың рұқсаты қажет емес екенін мәлімдеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақ үй басшысы Өкілдер палатасы мен Сенатқа жолдаған хатында 7 сәуірде екі апталық атысты тоқтату режимін енгізу туралы бұйрық бергенін, кейін оның мерзімі ұзартылғанын жазған. Оның сөзінше, осы күннен бері АҚШ пен Иран қарулы күштері арасында атыс болмаған.
"28 ақпанда басталған әскери қимылдар тоқтатылды. Алайда Ираннан келетін қауіп әлі де жоғары деңгейде қалып отыр", - деді Трамп.
Сондай-ақ, ол Конгресс басшылығын жағдайдың әрі қарайғы даму барысы туралы хабардар етіп отыратынын жеткізді.
1973 жылғы әскери өкілеттіктер туралы резолюцияға сәйкес әскери қақтығыс 60 күннен асса, президент Конгрестің мақұлдауын алуы керек. Дегенмен Трамп журналистерге мұндай рұқсат сұрауды жоспарламайтынын айтты.