Алматыда АҚШ-тан келген есірткі контрабандасының арнасы жойылды

Сағыныш Сардарова 28 қаз. 2025 17:55

Алматының арнайы прокурорлары аса ірі көлемдегі есірткі контрабандасы бойынша соталды тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Тергеу барысында жазасын пенитенциарлық мекемеде өтеп жатқан сотталған адам Америка Құрама Штаттарынан Алматыға есірткі - марихуана мен каннабис сығындысы салынған сәлемдемелерді жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталды.

"Қылмыстық әрекетке ұйымдастырушылар, кураторлар, қамқоршылар, дропперлер, жасырын белгілеушілер және өлшеп ораушылар тартылған. Жедел іс-шаралар нәтижесінде "Жетісу" кеден бекетінде салмағы 43 келі болатын марихуана мен каннабис сығындысы салынған 25 сәлемдеме тәркіленді. Олар іс бойынша заттай дәлелдер деп танылды", - деп жазылған хабарламада.

20 күдікті, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік органының 2 қызметкері және қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық көрсеткен ҚР ІІМ ҚАЖК-нің 3 қызметкері ұсталған.

"Іс бойынша айыпталушыларға есірткі заттарын контрабандалағаны және сатқаны, сондай-ақ, лауазымдық қылмыстар үшін бойынша айып тағылды. Сот санкциясымен 5 пәтерге, 3 құрылысқа, 10 жер учаскесіне және 44 көлікке тыйым салынды", - деп жазылған хабарламада.

Қылмыстық іс Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар