Іле ауданындағы 1,5 миллиард теңгелік жөндеу көрген мектеп: халық неге ашулы?

Қаракөз Амантай 28 қаз. 2025 18:00

Алматы облысы Іле ауданындағы ауыл мектебін жөндеуге 1,5 миллиард теңге бөлінген. Әкімдік мәліметінше, ғимарат толығымен қалпына келтіріліп, пайдалануға берілген. Алайда ата-аналар мен жергілікті тұрғындар мектептің қазіргі жай-күйіне наразы. Айтуларынша, қомақты қаржыға жүргізілген жөндеу сапасы көңіл көншітпейді, ал бөлінген қаражаттың қалай жұмсалғаны күмән тудырады.

Мектепке жөндеу жүргізген компаниялар мен бөлінген қаржы

Ресми деректерге сәйкес, сөз болып отырған нысан — Іле ауданы М. Түймебаев ауылындағы №20 орта мектеп. Мұнда “төтенше жағдайдың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары” жобасы аясында құрылыс жұмыстары жүргізілген.

Жобалық-сметалық есеп бойынша, мектепті қайта қалпына келтіруге жалпы 1,5 миллиард теңге бөлінген.

Жөндеу жұмыстарын “ARCH STROY INVEST” ЖШС орындаған. Авторлық қадағалау қызметін “Арлан-жоба құрылыс”, ал техникалық бақылауды “KA Lider LTD” компаниялары атқарған. Ал тапсырыс беруші — Іле ауданы әкімінің аппараты. 2025 жылдың 12 мамырында нысан бойынша “оң” қорытынды берілген.


Ата-аналар наразылығы

Жөндеу аяқталды дегенмен, мектептің жағдайы көпшіліктің көңілінен шықпады. Бұған дейін ата-аналар мен тұрғындар әлеуметтік желіде білім ордасындағы ақауларды көрсететін бейнежазбалар жариялаған еді. Кадрлардан су басқан жертөле, дымқыл қабырғалар, ашық электр сымдары мен сынған терезелерді байқауға болады.

“Жертөледе су жиналып қалған, бұл ғимаратта гидрооқшаулау мен дренаж жүйесінің дұрыс жасалмағанын көрсетеді. Жылыту жүйесі іске қосылмағандықтан, дәліздер мен сыныптар да суық. Кей жерлерде терезелер сынған, ал розеткалар мен сымдар ашық тұр. Бұл - балалар мен мұғалімдердің өміріне үлкен қауіп төндіреді”, — дейді ата-аналар.


Сондай-ақ кей дәліздер мен сыныптардың қабырғалары жарылып, төбелерінен ылғал іздері байқалады. Ата-аналар бұл жағдайға қатты алаңдаулы екендерін жеткізді.

Мектептің мұндай күйі балалардың денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, бюджет қаржысының мақсатсыз жұмсалғанын және жауапты органдардың бақылауының әлсіздігін көрсетеді”, — дейді ата-аналар.

Әкімдік даулы оқиғаға не дейді?

Dalanews.kz редакциясы аталған мәселеге байланысты Іле ауданы әкімдігінің аппаратына ресми сауал жолдады.

Әкім аппаратының басшысы Асқар Садықовтың айтуынша, нысанда төтенше жағдайдың салдарын жою және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ нысан тапсырыс беруші тарапынан әлі қабылданбаған. Оның сөзінше, мердігер ұйым анықталған бірқатар кемшілікті өз есебінен жойып жатыр.

“Атқарылған негізгі жұмыстардың қатарында бөлшектеу, қазу және топырақты алмастыру, инженерлік желілерді (жылу, суық су, желдету және жарықтандыру жүйелері) орнату, бетон құю және әрлеу бар. Сонымен қатар ғимараттың қасбеті толықтай заманауи алюминий панельдермен қапталды”, — деді Асқар Садықов.

Оның сөзінше, 2025 жылғы 8 қазаннан бастап жылыту маусымы кезінде жертөледен су ағу фактісі анықталып, мердігер компания ол ақауды өз күшімен және өз қаражаты есебінен жоюға міндеттелген.

“Ақаулы бөлшектер ауыстырылып, жаңа шығын өлшегіш орнатылды. Қазір жылыту жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр”, — деп нақтылады ол.

Оның сөзінше, мектеп ғимараты облыс әкімінің қаулысымен аудан балансына өткізілген, себебі ол төтенше жағдай кезінде зардап шеккен.

“Төтенше жағдайдың салдарын жою бойынша барлық жұмыс толық көлемде атқарылды. Ғимараттың бірінші қабатында сейсмокүшейту жұмыстары жүргізілді, барлық қажетті құжаттар мен сараптамалық қорытындылар бар”, — деді әкімдік өкілі.

Бой көтергеніне 10 жыл ғана өткен мектеп қалайша апатты жағдайға тап болғаны екінші мәселеге айналып кетті. Ал басты назарда - жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиард теңге бөлінгені. 900 орындық мектеп - аймақтағы маңызды білім ошағы. Ал балалардың апатты мектепте білім алуы шенділер үшін қалыпты жағдай сияқты. Аудандық аппарат басшысы Асқар Садықов мырза жөндеу жұмыстары бойынша мердігер анықтау конкурсы қалай өткенін, неліктен тым қомақты қаржы бөлінгенін және жөндеуден кейінгі мектептің қалайша халық наразылығын тудырғанына жарытып жауап бермеді. Іле ауданының қазіргі әкімі Қайыржан Серікбайұлы бір жыл бұрынғы жағдайға қанық болмауы мүмкін. Себебі ауданға әкім болғанына жыл толмады. Десе де жөндеу жұмыстарына 1,5 миллиард теңге бөлінген мектепті шу шығармай бақылауға шамасы жетпегендей...


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар