Әлеуметтік желіде Мәжілістің бұрынғы депутаты әрі Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменованың ресми іс-шараға құрметті қонақ ретінде қатысқан сәті түсірілген бейнежазба тарады. Бұл жайтқа байланысты Атырау облыстық соты ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, Бақытгүл Хаменова жазаны өтеуден толық босатылмаған, тек жазаны өтеу мерзімі үш жылға кейін шегерілген. Сот өкілдері Хаменоваға берілген заңды жеңілдік жазаны толық өтеп болғанын білдірмейтінін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы шенеуніктің тойда алдыңғы қатарда, мемлекеттік қызметкерлер мен полиция өкілдерінің ортасында тұрған бейнежазбасы тараған еді.
Бұрынғы шенеунікке қатысты сот шешімі өз күшінде, тек жазаны өтеу мерзімі ғана кейінге шегерілген. Сот өкілдері Хаменоваға берілген заңды жеңілдік жазаны толық өтеп болғанын білдірмейтінін атап өтті.
Еске салайық, Бақытгүл Хаменова 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Пара Абай ескерткішін орнату кезінде алынған. Сот шешімімен ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленуге тиіс еді.
2022 жылы 15 қарашада Атырау қаласының №2 соты Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бостандығынан айыру, алайда кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, жазаны үш жылдан кейін өтеу жөнінде үкім шығарды.
Сот үкімінде Бақытгүл Хаменованың мүлкі тәркіленетіні, "Құрмет" ордені мен мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылғаны көрсетілген.
Сот залынан уақытша бостандыққа шыққан соң Бақытгүл Хаменова "сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін" мәлімдеді.
Бақытгүл Хаменова ісімен бірге қаралып жатқан Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиевті судья Жұмағали Тәшімов 7 жылға, "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамовты 4 жылға бостандығынан айырды.
