Ұлытау облысында Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық химия олимпиадасы басталды

Ақтоты Жапатова 28 қаз. 2025 18:20

Қ.Сәтбаев атындағы химия пәнінен олимпиада биыл алғаш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықаралық химия олимпиадасы Ұлытау облысында 27 қазан мен 1 қараша аралығында өтуде. Оған биылғы жылы 100-ден астам Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мемлекеттерінің білім алушылары қатысып жатыр.

Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық химия олимпиадасы 9–11 (12) сынып оқушыларының арасында теориялық және практикалық екі кезеңде өтеді.

«Олимпиада – оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Олимпиадаға қатысушылар мен қызығушылық танытушылардың қатары жылдан жылға артып келеді. Биылғы жылы олимпиадаға халықаралық статус берілді», – дейді Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Әлия Чокушева.

Байқауды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Ұлытау облысының білім басқармасы және The Ulytau Educational Foundation қоры бірлесіп ұйымдастыруда.

Оның қорытындысында үздік оқушылар халықаралық деңгейдегі дипломдармен және арнайы сыйлықтармен марапатталады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар