Жаңа Конституция Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртып, жаңа мемлекеттік институттардың қалыптасуына негіз болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Dala News тілшісі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, Ұлттық заң академиясының академигі Алуа Саламатқызы Ибраевамен сұхбаттасып, жаңа конституциялық модельдің ерекшеліктері, Құрылтайдың рөлі және алдағы саяси үдерістер туралы әңгімелесті.
Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстанның саяси жүйесінде қандай түбегейлі өзгерістер орын алды? Бұл реформалардың қоғам мен мемлекеттік басқаруға әсерін қалай бағалайсыз?
Жаңа Конституция Қазақстанның саяси өмірін өзгертуге бағытталған маңызды құжат деп есептеймін. Ең алдымен, жаңа институттар пайда болды. Атап айтқанда, Қазақстанның Халық Кеңесі мен Құрылтай құрылды. Осы өзгерістерді іске асыру үшін бірқатар конституциялық заңдар қабылданды. Сонымен қатар жаңа партиялардың пайда болуына мүмкіндік жасалып, азаматтардың саясатқа деген қызығушылығы артып келеді. Құрылтай туралы, Президент туралы және Қазақстан Халық Кеңесі туралы заңдар жаңа саяси өмірдің құқықтық негізін қалыптастырып отыр. Конституция азаматтардың саясатқа қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Атап айтқанда, 35-бапта әр азаматтың саяси өмірге қатысу құқығы бекітілген және мемлекеттің осы құқықты қамтамасыз ететіні көрсетілген. Сондықтан жаңа Конституция қоғамның саяси белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды құжат деп санаймын.
Ұлттық құрылтайдың құрылуы жаңа конституциялық модельдің маңызды институттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Оның мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне және қоғаммен диалог орнатуға ықпалы қандай?
Бұрын Ұлттық құрылтай қоғамдық ұйым болған, ал қазір Құрылтай – заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы. Құрылтай – бұл Парламент. Қазақта ертеден «құрылтай» деген ұғым болған. Онда елдің беделді, ақылды адамдары жиналып, маңызды шешімдер қабылдайтын. Қазіргі Құрылтай да осы дәстүрдің жалғасы ретінде қызмет етеді. Мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне ықпалына келсек, мемлекеттің мақсаты азаматтардың бірігіп, саяси партиялар арқылы жұмыс істеуі, ортақ шешім қабылдауы. Сондықтан қазіргі Конституцияға сәйкес Құрылтай депутаттары тек саяси партиялар арқылы сайланады. Бұрынғы Конституция бойынша мажоритарлық жүйе арқылы да сайлауға қатысу мүмкіндігі болған. Қазір бұл тәртіп өзгерді. Енді басты қағидат жеке адамның емес, қоғамның, саяси бірлестіктердің атынан қатысу. Бүгінде Қазақстанда жеті саяси партия бар. Меніңше, бұл жеткілікті. Әр партияның өз ұстанымы, өз жақтастары бар. Сол партиялар Құрылтайдың 145 депутаты үшін сайлауға қатысып, қоғамның түрлі көзқарасын білдіреді. Сондықтан Құрылтай еліміздің саяси өмірінің негізгі институттарының біріне айналады деп есептеймін.
Алдағы сайлау жаңа Конституция аясында өтетін маңызды саяси науқандардың бірі болмақ. Оның бұрынғы сайлаулардан қандай ерекшелігі болады және сайлау саяси жаңғырудың нақты көрсеткішіне айнала ала ма?
Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты саяси партиялардың рөлі айтарлықтай артты. Бұрын «ұйқыдағы партиялар» деп айтылатын саяси ұйымдардың барлығы қазір белсенді жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Байтақ партиясын алуға болады. Бұл партия қоршаған ортаны қорғау мәселесіне басымдық береді. Табиғатты қорғау мәселесі Конституцияда да көрініс тапқан. Атап айтқанда, Конституцияның преамбуласында және басқа да баптарында табиғатқа ұқыпты қарау қажеттігі айтылған. Сондықтан меніңше, Байтақ партиясының өз орны бар. Сондай-ақ Ауыл партиясы бар. Ол ең алдымен ауыл тұрғындарын, жергілікті халықты біріктіріп, олардың саяси өмірге белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Жалпы әлемдік тәжірибеге қарасақ, азаматтар көбіне саяси партиялардың айналасына топтасады. Сондықтан алдағы сайлау өте қызықты өтеді деп ойлаймын. Ең бастысы барлық азамат сайлауға қатысуы керек. Қазақстанды әлемдегі орта мемлекеттердің қатарына жатқызуға болады. Еліміздің артықшылықтары да, шешуді қажет ететін мәселелері де бар. Оның ішінде табиғатқа қатысты түйткілдер де кездеседі. Жеріміз кең болғанымен, халық саны шамамен 20 миллион бес жүз мыңға жуық. Сондықтан түрлі қиындықтар болады. Бірақ осының бәрін шешудің тетіктері Конституцияда қарастырылған деп есептеймін.
Алдағы кезеңде жаңа Конституцияның әлеуетін толық іске асыру үшін қандай құқықтық немесе саяси қадамдарға басымдық берілуі тиіс деп есептейсіз?
Меніңше, Конституциядағы өзгерістер дұрыс бағытта жүзеге асып жатыр. Біріншіден, бұл «Әділетті Қазақстан» бағыты. Екіншіден, Конституцияда бекітілген «Заң және тәртіп» қағидаты. Бұл да өте маңызды бағыт деп есептеймін.Үшіншіден, қазіргі экономикалық жағдайға байланысты экономика мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Конституцияның 27-бабында әр адамның еңбек етуге құқығы бар екені көрсетілген. Бұл мемлекет тарапынан жұмыс орындарын ашуға, халықты жұмыспен қамтуға және осы бағыттағы жұмысты тұрақты бақылауға ерекше назар аудару қажет екенін білдіреді. Меніңше, ең бастысы жұмыссыз адамның болмауы. Сондықтан қазіргі таңда Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Жалпы экономикаға қатысты заңнамада да көптеген өзгерістер болуы қажет. Осыған байланысты саясат та, құқықтық жүйе де уақыт талабына сай өзгеріп отырады.