Әскери қызметкер Қорғаныс министрлігін сотта жеңді

Әскери қызметкер Қорғаныс министрлігін сотта жеңді
pixabay.com

Әскери қызметкер Қорғаныс министрлігінің Ақмола аудандық пайдалану бөліміне қарсы тұрғын үй мәселесі бойынша сотта жеңіске жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ақмола гарнизонының әскери соты әскери қызметкердің тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартқан тұрғын үй комиссиясының шешімін заңсыз деп танып, оның күшін жойды.

Сот анықтағандай, 2026 жылғы сәуірде тұрғын үй комиссиясы әскери қызметкерді тұрғын үйге мұқтаж деп танудан бас тартқан. Бұған оның Астанада жеке пәтері бар екені себеп болған.

Алайда сот пәтердің ипотекалық тұрғын үй заемы есебінен сатып алынғанын және «Отбасы банкте» кепілде тұрғанын ескерді. Сонымен қатар әскери қызметкердің банк алдындағы міндеттемелері сот қараған кезде толық орындалмаған.

Сот тұрғын үй комиссиясы пәтердің ипотека арқылы алынғанын және банк алдындағы өтелмеген міндеттемелерді ескермеген деген қорытындыға келді.

Осыған байланысты комиссияның шешімі жойылып, жауапкерге әскери қызметкерді тұрғын үйге мұқтаж деп тану туралы жаңа әкімшілік акт қабылдау міндеттелді. Ол азаматтың рапорты тіркелген күннен бастап есептелуі тиіс.

Сонымен қатар жауапкерден мемлекеттік баж төлеуге жұмсалған сот шығындары өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.