Францияда жоғары сынып оқушыларына телефон қолдануға тыйым салынды

Францияда жоғары сынып оқушыларына телефон қолдануға тыйым салынды
pixabay.com

Францияда 2026-2027 оқу жылынан бастап жоғары сынып оқушыларына мектепте ұялы телефон және басқа да байланыс құрылғыларын пайдалануға тыйым салынды. Бұл шара бұған дейін бастауыш және орта мектептерде енгізілген шектеуді лицейлерге де кеңейтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Францияның Білім министрлігі жаңа тәртіпті оқушылардың оқу процесіне көңіл бөлуін арттыру және мектептегі ахуалды тыныштандыру мақсатымен түсіндірді. Ведомство мәліметінше, 2025 жылғы зерттеуде 15-19 жастағы француз жасөспірімдері экран алдында тәулігіне орта есеппен 5 сағат 19 минут өткізетіні анықталған. Ұзақ уақыт экран қолдану көру қабілетіне, ұйқыға, зейін қоюға және әлеуметтік қарым-қатынасқа әсер етуі мүмкін. 

Жаңа талап бойынша лицейлердің ішкі тәртібінде телефондарды пайдалануға қатысты нақты тәртіп белгіленеді. Кей жағдайларда оқу мақсатындағы пайдалану немесе денсаулық жағдайына байланысты ерекшеліктер қарастырылуы мүмкін. 

Франция мектептерінде телефон мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. 2018 жылдан бастап бастауыш және колледж деңгейіндегі оқушыларға мектепте телефон қолдануға тыйым салынған. Ал 2024-2025 оқу жылынан бастап бірқатар оқу орындарында «Portable en pause» деп аталатын жүйе сынақтан өтіп, оқушылардың смартфондарын арнайы шкафтарға немесе қаптарға өткізу тәжірибесі енгізілген. 

Енді бұл тәсіл жоғары сыныптарға да таратылады. Француз билігі мұны тек тәртіп шарасы емес, балалардың цифрлық ортаға шамадан тыс тәуелділігін азайтуға бағытталған саясаттың бір бөлігі ретінде қарастырып отыр.

Франция билігі мектептегі телефон шектеуін жастардың әлеуметтік желілерді пайдалануына қатысты жаңа шаралармен қатар енгізіп жатыр. 2026 жылы ел парламенті 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу қою туралы заңды мақұлдады. Бұл шара бойынша жаңа аккаунттарға жас ерекшелігіне қатысты тексеру 1 қыркүйектен басталуы тиіс, ал бұрыннан бар аккаунттарға шектеу 2027 жылдың 1 қаңтарынан қолданылмақ. 

Осылайша Франция мектептегі смартфондарды шектеуді бастауыш сыныптардан жоғары сыныптарға дейін кеңейтіп, жасөспірімдердің экран уақытын азайтуға бағытталған кешенді саясат қалыптастырып отыр.