БҚО-да жер тарату дауы: комиссия шешімдері заңсыз деп танылды

БҚО-да жер тарату дауы: комиссия шешімдері заңсыз деп танылды
pixabay.com

Батыс Қазақстан облысында азаматтарға жер телімдерін беру конкурсының қорытындысы бойынша жер комиссиясы қабылдаған шешімдер заңсыз деп танылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

БҚО сотының мәліметінше, Ақжайық ауданының әкімі мен аудандық жер қатынастары бөліміне қатысты азаматтар әкімшілік талап арыз берген. Олар жер комиссиясының конкурс қорытындысы бойынша қабылдаған шешімдерін, сол шешімдер негізінде жерді уақытша ақылы пайдалануға беру туралы әкімдік қаулыларын және жасалған жалдау шарттарын заңсыз деп тануды сұраған.

Сот барысында жер телімдерін беру конкурсын ұйымдастыру және өткізу кезінде Жер кодексі мен конкурс өткізу қағидаларының талаптары бұзылғаны анықталған.

Атап айтқанда, өтінімдерді қабылдау және қарау, қатысушыларды бағалау, жеңімпаздарды анықтау кезінде заң талаптары сақталмаған. Сонымен қатар конкурсқа қатысушылардың құжаттары тиісті деңгейде тексерілмеген, ал комиссияның қорытынды шешімдерінде жеткілікті негіздеме болмаған.

Сот талап арыздарды ішінара қанағаттандырып, жер комиссиясының қорытынды хаттамаларын және олардың негізінде қабылданған әкімдік қаулыларын заңсыз деп танып, күшін жойды.

Осы қаулылар негізінде жасалған жер телімдерін жалға беру шарттары да жарамсыз деп танылды.

Бұдан бөлек, Ақжайық ауданының әкімдігіне жер комиссиясының отырысын заң талаптарына сәйкес қайта өткізу міндеттелді.