Алматының ауасын жақсартуға қатысты жаңа жоба әзірленіп жатыр

Сағыныш Сардарова 28 қаз. 2025 13:49

Алматының ауасын жақсартуға қатысты жаңа жоба әзірленіп жатыр. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қалада жаңа ережелер жобасы - "Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы арнайы экологиялық талаптарды енгізу туралы" құжат әзірленіп жатыр. Құжат биыл тамызда қоғамдық талқылаудан өтті.

"Жобаның басты мақсаты – мегаполистегі ауаның ластану деңгейін жүйелі түрде төмендету. "Ренессанс плюс" компаниясының дерегінше, зиян шығарындылардың шамамен 60 пайызы көліктен келеді. Қалған бөлігі жеке тұрғын үйлер, өнеркәсіп орындары, монша мен кәуапхана, қоғамдық тамақтану нысаны мен құрылыс алаңдары сынды стационарлық ластану көздерінің қызметімен байланысты", - деп жазылған хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, бұл ережелер жобасы - қаланың болашақ экологиялық саясатының берік іргетасы. Оның негізінде зиян шығарындыны азайтуға, ауа сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар мен тетіктер кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Ұсынылған шаралардың арасында өндіріс ошақтарын жаңғырту, экологиялық таза отын түрлеріне көшу секілді маңызды бағыттар бар.

Ережелер жобасын қабылдау мен жүзеге асыру қаланың экологиялық жағдайын жақсартып, алматылықтардың өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай туғызуға жол ашады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар