Қазақстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі - ұлтаралық келісім

Асель Қайратқызы 28 қаз. 2025 14:26

Ұлтаралық келісім - кез келген мемлекеттің бейбітшілігі мен тұрақтылығының басты шарты. Қазақстан - көпұлтты мемлекет. Мұнда жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Олардың бәрі де ортақ Отанымыздың бірлігі мен бейбітшілігін сақтау ісіне өз үлесін қосып келеді. Қазіргі ұрпақ бұл дәстүрді жалғастырып, түрлі этностардың тіліне, дініне, салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауды өз борышы деп санайды.

Біздің мемлекет әр халықтың мәдениетін дамытуға жағдай жасап, ұлттық мерекелер мен дәстүрлердің насихатталуын қолдайды. Осы тақырып аясында Dalanews.kz тілшісі ҚХА Қазақстан қырғыздары қауымдастығының төрағасы Исмаилов Шавкат Абдуллаұлымен әңгімелесіп көрді.

«Қазақстанда этностар мен діндердің өзара әрекеттесуінің тұрақты моделі қалыптасқан. Ол қоғамдағы тұрақтылық пен келісім атмосферасын қамтамасыз етеді. Діни және мәдени әралуандылық Еуразия жүрегінде ұзақ тарихи кезең барысында қалыптасты», - дейді сарапшы маман.

Қазақстандағы ұлтаралық келісім

«Бүгінде Қазақстан гуманистік, демократиялық және толерантты сипатымен ерекшеленеді. Осының айқын көріністерінің бірі - ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау мақсатын көздейтін Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. 1992 жылдың желтоқсан айында еліміздің тәуелсіздік мерекесіне арналған Қазақстан халқының алғашқы форумы тарихи тұрғыдан Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалады. Қоғамдық институт 1995 жылғы 1 наурызда Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Президент жанындағы кеңесші орган ретінде құрылды. Ассамблеяның негізгі мақсаты - Қазақстанның өркендеуіне, патриотизм мен азаматтық бірегейліктің дамуына, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға және елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал ету»,- дейді Шавкат Абдуллаұлы.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ұлттар мен ұлыстардың татулығы мен өзара сыйластығын басты құндылық ретінде ұстанып келеді. Бүгінде еліміз әлемге тұрақтылық пен келісім үлгісін көрсетіп отыр.

«Ұлтаралық келісім – бұл тек қағаздағы ұғым емес. Бұл күнделікті өмірде өзара түсіністік, құрмет пен қолдауды білдіреді. Әрбір азамат, ұлттық ерекшелігіне қарамастан, тең құқылы болып, ел дамуына өз үлесін қоса алатын болса, дәл осы кезде шынайы келісімнің көрінісі байқалады.

Ғаламдану дәуірінде ішкі бірлікті сақтау – ең маңызды міндеттердің бірі. Әлемде әртүрлі қақтығыстар орын алып отырған жағдайда, еліміздің бейбітшілік пен тұрақтылығы – баға жетпес қазына. Сондықтан әрқайсымыз бірлікті сақтау, өзара құрмет пен келісімді нығайтуға өз үлесімізді қосуымыз қажет»,- дейді Шавкат Абдуллаұлы.

Шавкат Абдуллаұлы: Қазақстандағы ұлтаралық келісім - қоғамның негізі

Шавкат Абдуллаұлы атап өткендей, Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар тереңінен әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени тұрмыстық құрылымдарға еніп, қоғам өмірінің барлық саласын қамтиды.

Оның айтуынша, мұның басты себебі – халықтардың ғасырлар бойы бір аумақта бірге өмір сүрген тәжірибесі мен біртұтас қазақстандық ұлт қалыптасу жолында дамыған үрдістер. Қазақстан ұлтаралық қақтығыстардан аман қалды, өйткені халықтар арасындағы қатынастар мәдениеті мен басқару жүйесі мықты негізге құрылған.

Сарапшы маман Қазақстанның бүгінгі әлеуетін де атап өтті. Елде табысты даму үшін қажетті барлық шарттар бар: халықтың білімділігі, жоғары мәдени қарым-қатынас дәстүрі, барлық ұлттар бағалайтын салт-дәстүрлер және ортақ тарих. Бұл – Қазақстандағы ұлттық бірліктің, ұлтаралық келісімнің тірегі болып табылады.

Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің негізгі шарттары – төзімділік, әр түрлі этностар мен конфессиялардың мәдени-тілдік әртүрлілігін құрметтеу, және халықтардың ортақ игілігі үшін ынтымақтасу. Шавкат Абдуллаұлының пікірінше, осындай принциптер қоғамның тұрақтылығы мен дамуының кепілі болып отыр.

«Қазақстандағы ұлтаралық келісім моделінде келесі аспектілерді бөліп көрсетуге болады: қазақ этносының біріктіруші рөлі; төзімділік; этникалық, конфессиялық, мәдени және тілдік әртүрлілік; Қазақстан этностарының мәдениеті мен тілдерін дамыту үшін жағдайлар. Барлық осы аспектілер уақыт сынағынан сүрінбей өткен.

Ұлттық бірлік – бұл көпэтносты қоғамның ортақ тарихқа негізделген біртұтастығы, мемлекеттік-саяси реттеу және ортақ шаруашылық қызметті ұйымдастыру нәтижесінде қалыптасады; сондай-ақ, бұл төзімді мәдениетті, теңгерімді тіл саясатын, сәйкес идеологияны, ережелер мен дәстүрлерді қалыптастыруға байланысты»,- деп атап өтті Шавкат Абдуллаұлы.

Ұлтаралық диалог

«Ұлтаралық қатынастардың дамуы мен жалпы адамзат үшін басты фактор болып қала беретін нәрсе – мәдениеттер арасындағы диалог. Мәдениеттердің өзара әрекеті, олардың диалогы – ұлтаралық және ұлт аралық қатынастардың дамуына қолайлы негіз болып табылады.

Ұлтаралық қарым-қатынас дегеніміз – кез келген халықтың тарихына, мәдениетіне немесе жетістіктеріне кемсіту көзқарасын қоспайтын, керісінше жеке тұлғаны құрметтеу, оған көңіл бөлу және ұлттық ерекшелігіне қарамастан саяси төзімділікті білдіретін қарым-қатынас мәдениетін талап етеді.

Қарым-қатынас мәдениеті деп әдетте қоғамда тарихи қалыптасқан нормаларға сәйкес коммуникацияны жоғары деңгейде жүзеге асыру қабілеті түсініледі»,- деп түсіндіре өтті сарапшы маман.

«Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның дамуы еліміздегі ұлтаралық қатынастардың қоғамның түрлі салаларындағы барлық халықтардың өзара байланысы мен өзара әрекеттесуінен тұратын біртұтас, үйлесімді жүйе ретінде жұмыс істейтінін көрсетеді.

Біздің мемлекетіміздің тәжірибесі әртүрлі ұлттық психологиясы, мәдениеті мен менталитеті бар халықтардың бейбіт өмір сүріп, өзара достыққа және рухани жақындыққа ұласатын конструктивті байланыстар орната алатынын дәлелдейді»,- деп қорытындылай өтті сарапшы маман.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар