«Казцинк» кәсіпорнында екі жұмысшы қаза тапқан өртке байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Шығыс Қазақстан облысында «Казцинк» ЖШС-нің қорғасын зауытында болған өрт салдарынан екі қызметкердің қаза табуына байланысты қылмыстық іс тіркелді.
Қазцинк кәсіпорны аумағында болған оқиғаға қатысты тергеуді ШҚО полиция департаменті жүргізіп жатыр.
Ведомствоның баспасөз қызметі мәліметінше, іс еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі бойынша қозғалған. Бұл құқықбұзушылық абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкелген.
Полицияның хабарлауынша, оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған шұғыл тергеу әрекеттері жүргізілуде.
«Оқиғаның себептері мен жағдайларын толық, жан-жақты және объективті зерттеу үшін барлық қажетті тергеу шаралары қабылданады», – деп хабарлады департамент өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысындағы Қазцинк кәсіпорны аумағындағы шаң жинау қондырғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқан, кейбір жерлер ішінара опырылған. Салдарынан екі адам қаза тапты.
Қазір үйінділерді тазалау жұмыстары жалғасып жатыр.