Өскемендегі жарылыс: үйінділер әлі де аршылып жатыр

Өскемендегі жарылыс: үйінділер әлі де аршылып жатыр
ТЖМ

Бүгін Өскеменде "Қазмырыш" зауыты аумағында жарылыс болып, кейін өрт шықты, деп хабарлайды dalanews.kz.

ТЖМ күштерімен өрт 120 шаршы метр аумақта толық сөндірілген. Сондай-ақ, цех құрылымдары 220 шаршы метр аумақта опырылған.

"Оқиға салдарынан 7 адам зардап шекті: 2-еуі қаза тауып, 2-еуі ауруханаға жатқызылды, 3 адам үйіне жіберілді. Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Апат салдарын жоюға шамамен 80 адам, 18 техника, ұшқышсыз ұшу аппараты, кинологиялық есептоптар және Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері жұмылдырылды", - деп жазылған хабарламада.

Қазір үйінділерді аршу жұмыстары жалғасып жатыр. ТЖД-да жедел желі телефоны жұмыс істеп тұр: 8 (7232) 55-38-19.

Айта кетейік, бұған дейін ТЖМ зауыттардың бірінің аумағында шаң жинау қондырғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқанын, кейбір жерлер ішінара опырылғанын мәлімдеді.