Қарағанды облысындағы итке таланған 11 жастағы баланың жағдайы белгілі болды

Қарағанды облысындағы итке таланған 11 жастағы баланың жағдайы белгілі болды
Dalanews.kz коллажы, көрнекі сурет

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында 11 жастағы баланы өз үйінің ауласында ит талап, ауыр жарақат алды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазіргі уақытта Қарағанды облысында кәмелетке толмаған балаға иттің шабуыл жасауы бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға 1 мамырда Бұқар жырау ауданына қарасты Ақтөбе ауылында болған. Баланы ауыр жарақатпен жедел түрде ауруханаға жеткізген.

Баланың анасының сөзінше, ит ұлына өз үй ауласында шабуыл жасаған. Оның иығындағы тері мен бұлшық етіне зақым келген. Зардап шеккен оқушының анасы ұлы эпилепсиямен ауыратынын, сондықтан оқиға сәтінде ұстамасы басталса немесе ит маңызды ағзаларын зақымдаса жағдай одан әрі ушығуы мүмкін екенін айтты.

Бұқар жырау ауданы әкімдігі оқиғаны растады. Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккен бала 2014 жылы туған. Иттің иесі 52 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2-бабы 1-бөлігі 4-тармағы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Дәрігерлер баланың сол жақ иық буыны мен иығының жоғарғы бөлігінде ауқымды тістелген жарақат бар екенін анықтады.

Оқиға болған күні алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізілді. Қазіргі уақытта бала облыстық балалар ауруханасында ем алып жатыр. 

Қарағанды облыстық полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Ведомствоның баспасөз қызметі зардап шеккен баланың емі толық аяқталғаннан кейін барлық қажетті процессуалдық шара жүргізіліп, түпкілікті шешім қабылданатынын мәлімдеді.