Назарбаевтың 2000 жылғы жарлығына өзгерістер енгізілді

Қаракөз Амантай 27 қар. 2024 11:45 216

Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 31 шілдедегі №427 “Мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру, бюрократизмге қарсы күрес және құжат айналымын қысқарту шаралары туралы” Жарлығына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 31 шілдедегі №427 «Мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру, бюрократизмге қарсы күрес және құжат айналымын қысқарту шаралары туралы” Жарлығына:

1-1-тармақ мынадай екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:

“Штаттық сан лимитін арттыру мемлекеттік органдар арасында бос тұрған штаттық бірліктерді Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын тәртіппен қайта бөлу арқылы жүзеге асырылады, мына жағдайларды қоспағанда:

• Қазақстан Республикасы Президенті енгізетін төтенше жағдайға ден қою қажеттілігі;

• орталық мемлекеттік органдарды немесе олардың ведомстволарын құру;

• Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы” Заңына сәйкес әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту;

• өзге жағдайларда – Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша”, - делінген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығында.

Сондай-ақ Жарлықта мынадай тармақ көрсетілген:

“Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары аппараттарының, Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдарының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, сондай-ақ штат саны 100 бірліктен аспайтын мемлекеттік органдардың бос тұрған штаттық бірліктері мемлекеттік органдар арасында қайта бөлінуге жатпайды”.

Мемлекет басшысының Жарлығы 21 қарашада қол қойылған күнінен бастап күшіне енді.

Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сонымен қатар мемлекеттік аппарат жұмысын жетілдіру шаралары туралы жарлықтарына өзгерістер енгізген болатын.

Бұдан былай Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Президент Әкімшілігі басшылығының тапсырмаларын орындамаған саяси мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолданылады.

2000 жылғы Президент жарлығына сәйкес, тәртіптік жаза келесі жағдайларда қарастырылған:

  • қызметшілердің өздеріне жүктелген міндеттерін заңсыз немесе дұрыс орындамауы;
  • лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы;
  • мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзуы;
  • мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этика ережелерін бұзуы;
  • тәртіптік жаза түрінде жазаланатын сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасауы;
  • мемлекеттік қызмет туралы заңда көрсетілген шектеулерді немесе мемлекеттік қызметшілердің міндеттерін орындамауы.

Бұдан бөлек, құжатқа сәйкес, орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардың кадрлық процестерін “Бірыңғай кадрлық жүйе” ақпараттық жүйесі негізінде автоматтандыруды 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін қамтамасыз ету тапсырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар