Қазақстанның жоспары жария бола салысымен, әлемдік нарықта баға құлдырай жөнелді - шетелдік БАҚ-тар

Кәмшат Тілеухан 26 қар. 2024 11:01 128

Кеше Қазақстан 2025-2026 жылдарғы жоспарға сай мұнай экспортының көлемін жариялады. Бұл әлемдік нарықтағы бағаға бірден әсер етіп, "қара алтын" 2 долларға арзандады. Негізі, өткен аптада Энергетика министрлігі Германияға тасымалданатын Қазақстан мұнайы көлемін арттыратынын мәлімдегеннен-ақ нарық ойыншыларынан маза кете бастап еді. Әсіресе, ОПЕК+ елдері мен Ресейден, деп хабарлайды Dalanews.kz.

25 қарашада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басшысы Асхат Хасеновтың Парламент қабырғасында оқыған баяндамасын шетелдік БАҚ-тар бірден іліп әкетті.

"Қазақстан Ресейдің көмегінсіз жүзеге асырылатын шетелдік тасымалдағы үлесті ұлғайтуды мақсат етіп отыр. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мұндай экспорттың көлемі 13 есеге өсуі тиіс деп мәлімдеді. Яғни, Баку — Тбилиси — Жейхан құбырының жылдық экспорты қазіргі 1,5 миллион тоннадан 20 миллион тоннаға дейін артуы мүмкін", деп жазды Reuters.

Расында, әлемдік қауымдастық мұндай көлемді Қазақстаннан күткен жоқ. Себебі ОПЕК-ке мүше Қазақстаннан, керісінше осы күнге дейін мұнай өндірісін қысқарту талап етіліп, бұл міндеттемені біздің ел барынша орындауға тырысып келген. Сондықтан томпақ тұс туындаса, бізге ол осы арадан шығуы мүмкін. Бұған bloomberg басылымы да баса назар аудартады. Сөйтіп "іштен шыққан жау жаман" дегеннің келтіріп, Қазақстан ОПЕК тарапынан жазалауға ұшырап қаламаса деп қауіптенеді. Өйткені бұл картель Қазақстаннан өндіріс көлемін қысқартуды талап етумен келеді. Ал бұл талапты бұған дейін әупірімдеп орындап келген Қазақстан 2025 жылы мұнай өндірісі көлемін аяқ-асты қатты арттыру жоспары барларын жариялады. Сондықтан бұл ОПЕК, сондай-ақ Ресей үшін де "соққы" болуы мүмкін.

"2021 жылы БАӘ квоталарға байланысты Сауд Арабиясының келісімшарттарын бірнеше күнге бұғаттаған. Сол кезде ақыры саудиялықтар жеңіске жеткенімен, олар Абу-Дабиге келесі айларда квота бойынша айтарлықтай жеңілдіктер жасауға мүмкіндік берді. Ал картель 2023 жылы Ангола квотасын қысқартпақ болғанда, бұл ел ОПЕК-тен шыға салды. Қазақстанның да осылай ету қаупі бар. "ОПЕК+ 2025 жылы көптеген шепте қиындықтарға тап болады", деп жазады bloomberg.

Ал немістер бұған дейін өздеріне тасымалданып келген Ресей мұнайын Қазақстандікі басқанына дән риза.

"2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Германияға мұнай экспортының көлемі 1,3-1,35 млн тоннаға дейін артуы мүмкін. Бұл туралы "ҚазМұнайГаз" қазақстандық мемлекеттік компаниясының басшысы Асхат Хасенов мәлімдеді" деп жазды Deutshe Welle.

Сондай-ақ неміс басылымы бірнеше күн бұрын Қазақстанның Энергетика министрлігі таратқан ақпаратқа да тоқталады.

"Қазақстан 2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында "Дружба" магистральдық құбырлар жүйесі арқылы Германияға 1,2 млн тонна мұнай жеткізгенін хабарлады.  Осылайша, ағымдағы жылдың тоғыз айында Қазақстан бұрын Ресей мұнайы айдалған Шведтегі МӨЗ үшін мұнай жеткізу бойынша міндеттемелерді орындады. 2023 жылы қазақстандық Қарашығанақ кен орнынан Германияға 933 мың тонна мұнай жеткізілді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ГФР-ға мұнай экспортын ұлғайтуға дайын екенін айтты", делінеді DW мақаласында.

Ал бұл ретте ресейлік басылым мынандай фактілерді алға тартады:

"Сәтқалиев Баку-Жейхан құбыры арқылы экспорты ұлғайту жоспары қашан жүзеге асырылатынын нақты айтпады. Бірақ 2023 жылы тамызда, сол кездегі энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан танкерлер сатып ала бастағанын, бұл КТК-ға деген тәуелділікті төмендету мақсатында Каспий және Қара теңіздері арқылы мұнай тасымалы үшін керек екенін айтқан болатын. Ол кезде, яғни 2023 жылдың басында Бакуге бар болғаны 300 мың тонна мұнай жеткізілген болатын. 2022 жылы Новороссийский соты экологиялық бұзушылықтарды желеу етіп Қазақстанға КТК-мен жұмыс істеуді уақытша доғарған. КТК-ға тәуелділікті азайту осы кезден бастау алады. Қазақстан билігі Ресейдің Украинадағы әскери іс-қимылдарын қолдамады, ДХР, ЛХР-ды мойындамады, Ресейге салынған санкция тәртіптерін сақтайды. Осының бәрінің нәтижесінде қазақстандық мұнай экспортының 80 пайызындағы Ресей үлесі айтырлықтай кеми бастайды", деп жазады moscowtimes.ru.

Баға жайын нақтылай кетсек:

"Қазақстанның Түркияның Жейхан порты арқылы мұнай экспортын күрт ұлғайту және экспорттық магистральда Ресейге тәуелділікті төмендету туралы жоспары жария бола салысымен, Brent маркалы мұнайының бір баррелі 2 долларға арзандап, 72,73 долларды құрады", деп жазады Reuters.

Бұған дейін бізде "Қазақстан ОПЕК құрамынан шыға салуы мүмкін бе" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар