Қазақстандықтар тауар мен қызмет ақысын бұрынғыдан да жиі қолма-қол емес тәсілмен төлеп жатыр. Бұл туралы Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ) мәліметінде айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қолма-қол емес төлем көлемі 42,4 трлн теңгеге жетті
2026 жылдың бірінші тоқсанында елдегі қолма-қол емес транзакциялар көлемі 5%-ға өсіп, 42,4 трлн теңгені құраған. Нәтижесінде төлем карталары арқылы жасалған барлық операциялардың 87,9%-ы қолма-қол емес есеп айырысуға тиесілі болған. Яғни, қазақстандықтар ақшаны банкоматтан шешіп алмай-ақ, тікелей карта арқылы жұмсауды көбірек таңдаған.
Банкоматтан ақша шешу көлемі азайды
Сонымен қатар банкоматтар арқылы қолма-қол ақша шешу көлемі 2,2%-ға төмендеп, 5,8 трлн теңгені құраған. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мұны елдегі қолма-қол ақша айналымының алғаш рет салыстырмалы түрде де, абсолют көрсеткіш бойынша да қысқаруымен байланыстырады.
Қолма-қол ақшаға сұраныс төмендеп жатыр
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс халықтың қолма-қол ақшаға деген қажеттілігі азайып келе жатқанын көрсетуі мүмкін. Мамандар цифрлық төлемдердің кең таралуы, QR-төлемдердің көбеюі және онлайн-банкингтің дамуы қазақстандықтардың төлем жасау әдетін өзгерткенін айтады.