“Логистика мен цифрландыру басты назарда болады”. Сарапшы Еуразиялық экономикалық форумның негізгі бағыттарын атады

“Логистика мен цифрландыру басты назарда болады”. Сарапшы Еуразиялық экономикалық форумның негізгі бағыттарын атады
Фото: liter.kz

V Еуразиялық экономикалық форумы аясында цифрландыру, жасанды интеллект, логистика және жаңа сауда бағыттарын дамыту мәселелері негізгі тақырыптардың біріне айналмақ. “Мир Евразии” қоғамдық қорының президенті, саясаттанушы Эдуард Полетаев форумда талқыланатын басым бағыттар мен Қазақстан үшін маңызды міндеттерге тоқталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасындағы өңіраралық ынтымақтастық бүгінде Еуразиялық кеңістіктегі маңызды байланыстардың біріне айналған. Бұл ең алдымен әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекараның болуымен және екі ел арасындағы тарихи, экономикалық әрі гуманитарлық қарым-қатынастармен байланысты.

Оның сөзінше, қазіргі таңда Ресейдің 12 облысы мен Қазақстанның 8 өңірі өзара тығыз байланыс орнатқан. Бұған мәдени-гуманитарлық қатынастар, көші-қон, сауда, туризм, бизнес және логистикалық байланыстар кіреді. Сонымен қатар жыл сайын Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы өткізіліп келеді. Бұрын бұл алаң “шекаралық ынтымақтастық форумы” деп аталғанымен, бүгінде оның ауқымы кеңейіп, өңіраралық деңгейге көтерілген.

“Қазір Қазақстанмен белсенді сауда байланысын дамытып отырған Мәскеу, Мәскеу облысы, Татарстан секілді Ресейдің шекаралас емес өңірлері де форум жұмысына қатысып жүр. Бұл өңіраралық ықпалдастықтың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетеді”, – деді Эдуард Полетаев.

Сарапшы Ресейдің Қазақстан үшін негізгі сауда серіктестерінің бірі болып қала беретінін айтты. Оның мәліметінше, биыл екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 30 миллиард доллардан асады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге шекарадағы жүк және жолаушылар ағыны да жоғары деңгейде сақталуда.

“Шекара арқылы туристер, кәсіпкерлер, туыстар тұрақты қатынап тұрады. Бұл – экономикалық әрі гуманитарлық байланыстардың нақты көрінісі”, – деді ол.

Эдуард Полетаев өңіраралық байланыстың дамуына логистика үлкен әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір тауарларды алыс қашыққа тасымалдау тиімсіз болғандықтан, көршілес өңірлер арасындағы сауда анағұрлым тиімді.

“Мысалы, сүт өнімдері немесе астық секілді тауарлардың логистикалық мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан Петропавл мен Омбы, Қостанай мен Челябі, Атырау мен Астрахань арасындағы сауда байланыстары табиғи түрде күшейеді. Жақында Атырау–Астрахань бағыты бойынша автомобиль жолы жаңартылып, түнгі пойыз іске қосылды. Мұндай жобалар өңіраралық ықпалдастықты одан әрі арттырады”, – деді сарапшы.

Ол биылғы Еуразиялық экономикалық форумның басты ерекшелігі Қазақстанның ЕАЭО-ға төрағалығы аясында жариялаған басымдықтарымен байланысты екенін айтты. Оның сөзінше, форумның негізгі тақырыптарының бірі цифрландыру мен жасанды интеллект болады.

“Қазақстан бұл бағытты тек сыртқы саясатта емес, ішкі саясатта да белсенді түрде дамытып келеді. 2026 жыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Сондықтан бұл тақырып форумның негізгі күн тәртібіне шығуы заңды”, – деді Эдуард Полетаев.

Сарапшы Қазақстан ЕАЭО аясында бес негізгі басымдықты алға тартып отырғанын атап өтті. Оның ішінде жасанды интеллектіні интеграциялық құрал ретінде дамыту, көлік-логистика әлеуетін күшейту, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру арқылы технологиялық серпіліс жасау, әкімшілік кедергілерді азайтып, кедергісіз сауда қалыптастыру және Африка, араб елдері мен Оңтүстік-Шығыс Азия бағытында жаңа сауда байланыстарын кеңейту мәселелері бар.

Эдуард Полетаевтың пікірінше, қазіргі жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында Еуразиялық экономикалық одақ мүше мемлекеттер үшін маңызды үйлестіру алаңы болып отыр.

“Кейбір ортақ нарықтарды құру мерзімі кейінге шегерілгенімен, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаған жоқ. Мысалы, электр энергиясы мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығын құру 2025 жылдан 2027 жылға ауыстырылды. Бұған жаһандық экономикалық дағдарыс пен пандемия әсер етуі мүмкін. Бірақ ең бастысы – мемлекеттер бұл мақсаттардан бас тартқан жоқ”, – деді ол.

Сарапшы ЕАЭО аясындағы интеграция кедендік және әкімшілік кедергілердің азаюына, сауда көлемінің артуына және инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал еткенін айтты.

“Интеграцияның арқасында мемлекеттер арасындағы тауар айналымы ұлғайып келеді. Бұл экономикалық өсімге де, халық табысына да белгілі бір деңгейде әсер етеді”, – деді Эдуард Полетаев.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда жасанды интеллект, роботтандыру және цифрландыру мемлекеттерден жаңа тәсілдерді талап етіп отырғанын жеткізді.

“Жаңа технологиялық өзгерістерге бейімделу үшін мемлекеттер өзара ықпалдастықты күшейтуі керек. Осы тұрғыдан алғанда, ЕАЭО-ның ұзақмерзімді даму стратегиясы жаңа сын-қатерлерге жауап болуы тиіс”, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, форум аясында барлық келісім бірден ресми құжат түрінде рәсімделмеуі мүмкін. Алайда мұндай кездесулердің басты мақсаты – жоғары деңгейдегі диалог орнатып, кейін нақты келісімдерге негіз қалау.

“Кейбір уағдаластықтар кейінірек құжат түрінде рәсімделуі мүмкін. Бұл – қалыпты тәжірибе. Ең маңыздысы – мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту”, – деді ол.

Эдуард Полетаев Қазақстан үшін ЕАЭО кеңістігіндегі транзиттік-логистикалық әлеуеттің ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

“Қазақстанның негізгі экспорттық ресурстарының бірі – мұнай. Ол Каспий құбыр консорциумы бағыты арқылы экспортталады. Сондықтан көлік және логистика дәліздерін дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызға ие”, – деді сарапшы.

Сонымен қатар ол ортақ еңбек нарығы, туризм және энергетикалық ынтымақтастық мәселелері де маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.

“Қазақстан үшін көрші елдерден келетін туристердің маңызы зор. Әуе билеттері қымбаттап жатқан жағдайда жақын нарықтармен жұмыс істеу тиімдірек. Сондай-ақ ортақ еңбек нарығы қазақстандықтарға қосымша мүмкіндік береді”, – деді ол.

Сөз соңында сарапшы энергетика, су ресурстары және электр энергиясы мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтті.

“Бұл форумды жай формалды кездесу деп қабылдауға болмайды. Оның артында миллиардтаған долларлық жобалар, жаңа келісімдер және болашақтағы экономикалық ықпалдастық перспективалары тұр”, – деп түйіндеді Эдуард Полетаев.