2027 жылдан бастап банктер несие берерде жаңа талаптарды ескереді

2027 жылдан бастап банктер несие берерде жаңа талаптарды ескереді
Фото: Жи

2027 жылдың ортасынан бастап Қазақстан банктерінің қарыз алушыларды бағалау тәртібіне жаңа талаптар енгізіледі. Енді қаржы ұйымдары кейбір клиенттердің қаржылық жағдайымен қатар, олардың қызметіне байланысты экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді де саралауға тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.

Protenge мәліметінше, жаңа талаптар негізінен орта бизнеске берілетін несиелерге, корпоративтік және жобалық қаржыландыруға қатысты болады. Яғни осы санаттағы қарыз алушылар үшін қаржыландыру туралы шешім қабылдау кезінде экологиялық және әлеуметтік факторлар да банк назарындағы көрсеткіштердің біріне айналады.

Сонымен бірге екінші деңгейлі банктер тұрақты даму бағыты бойынша арнайы бөлім құруға немесе осы салаға жауапты мамандарды жұмысқа тартуға міндеттеледі. Олар ESG қағидаттарын енгізу, ішкі құжаттарды әзірлеу, қызметкерлерді оқыту және тиісті есептілікті дайындау жұмыстарын үйлестіреді.

Astana Finance Days 2026 аясында Еуразиялық банк басқармасының төрағасы Ләззат Сатиева тұрақты даму саласындағы ақпаратты ашуға қойылатын талаптар айтарлықтай кеңейетінін айтты.

"Шынында да, келесі жылдан бастап тұрақты даму саласындағы ақпаратты ашуға қойылатын талаптар айтарлықтай кеңейеді. Оның ішінде банктің өз қызметінен және қаржыландыратын жобалардан бөлінетін парниктік газдар көлемін бағалау да бар. Біз бұл бағытта қазірдің өзінде жұмыс істеп жатырмыз: банк екі жылдан бері тұрақты даму жөніндегі есепті жариялап келеді, ESG мәселелерін басқарудың базалық жүйесі қалыптастырылды. Енді жекелеген бағыттарды тереңірек пысықтау қажет болады. Жыл бойы осы жұмыстармен айналысамыз. Әрине, бұл банк тарапынан қосымша шығындарды талап етеді", – деді ол.

Сатиева алдағы өзгерістерге қанша қаражат жұмсалатынын нақтылаған жоқ. Оның сөзінше, негізгі шығындар әдістемелік базаны әзірлеуге, ақпарат жинау мен талдауға, кеңес беру қызметтеріне және экологтерді қоса алғанда, бейінді мамандарды жұмысқа тартуға байланысты болады.

Дегенмен банкте жаңа талаптарға жұмсалатын шығындар несие құнының өсуіне тікелей әсер етеді деп есептемейді.

"Біз бұл шығындарды несие құнының өсуіне өздігінен әсер ететін фактор ретінде қарастырмаймыз. Несие мөлшерлемесі көптеген факторды ескере отырып қалыптасады. Сондықтан банктің ESG тәжірибесін енгізуге жұмсайтын шығыны несие құнына тікелей әсер етеді деп айту дұрыс болмас еді", – деді Сатиева.

2027 жылдан бастап нақты не өзгереді?

Қазақстанда қаржы ұйымдарына ESG есептілігіне қатысты талаптар кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. 2027 жылдың ортасынан бастап банктер тұрақты даму жөніндегі арнайы бөлім құруға немесе осы бағытқа жауапты қызметкерлерді жұмысқа алуға міндеттеледі.

Бұл мамандар ESG қағидаттарын енгізумен, банктің ішкі құжаттарын әзірлеумен, қызметкерлерді оқытумен және ESG есептілігін дайындау жұмыстарын үйлестірумен айналысады.

Бұдан бөлек, екінші деңгейлі банктер экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқарудың ESDD жүйесін енгізуге тиіс. Бұл жүйе орта кәсіпорындарға несие беру, корпоративтік және жобалық қаржыландыру кезінде қарыз алушының қызметіне байланысты экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді бағалауды көздейді.

Яғни аталған санаттағы кәсіпкерлер мен компанияларға қаржы беру кезінде банктер олардың төлем қабілеті мен қаржылық жағдайына ғана емес, қызметінің қоршаған ортаға және әлеуметтік салаға ықтимал әсеріне де назар аударады.

Ал ESG стратегиясының жүзеге асырылуы мен ESDD жүйесінің жұмысына банктің директорлар кеңесі бақылау жасайды.