Жұмыс істемейтін әрі оқымайтын жастардың үлесі - 5,8 пайыз: депутат қорқынышты статистиканы айтты

Жұмыс істемейтін әрі оқымайтын жастардың үлесі - 5,8 пайыз: депутат қорқынышты статистиканы айтты
ЖИ/orda.kz

Елімізде жұмыс істемейтін әрі оқымайтын жастардың үлесі - 5,8 пайыз, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы Құрылтай депутаты Дидарбек Ділдәбек айтты. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегіне сәйкес елімізде ешбір жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін (NEET санатындағы) 15 пен 34 жас аралығындағы азаматтардың үлесі - 5,8 пайыз.

"100 мыңнан аса тіркелген және 300 мыңнан аса уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүрген жас азамат. Бұл топ - деструктив қатерге бейім, осал орта. Елімізде жастарды әлеуметтендіру мәселесімен 235 жастар ресурс орталығы жұмыс істейді", - деді депутат.

Дидарбек Ділдәбектің айтуынша, олардың жұмысында кемшіліктер бар екені рас.

"Жастар ресурс орталықтарының мүмкіндігі көбіне тек қалалық белсенді жастар арасында қалып отыр. Ауылдық жерлер мен қала маңындағы осал топтар ақпараттық вакуумда өмір сүреді. Жастардың басым бөлігі тығырықтан шығар жолды мемлекеттік бағдарламаларсыз, өз бетінше іздеуге мәжбүр", - деді ол.