Шымкентте есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы Қазақстан чемпионы Әділ Тілектес өндірістегі жазатайым оқиғадан қайтыс болды. Марқұм 28 жаста болған. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қайғылы жағдай керамикалық плитка шығаратын зауытта болған. Әлеуметтік желіде марқұмның досы таратқан ақпаратқа сәйкес, Әділ Тілектес жұмыс барысында электр сымына тиіп кетіп, ток соққан. Салдарынан биіктіктен құлап кеткен. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері оның өмірін аман алып қала алмады.
Оқиға 12 қыркүйекте болған. Алдын ала мәлімет бойынша, спортшы өндіріс орнында жұмыс істеп жүрген кезде токқа түсіп, ауыр жарақат алған.
Қазір полиция оқиғаның нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.
Әділ Тілектес спортта да елеулі жетістіктерге жеткен. Ол 2018 жылы Ақтөбеде өткен II Қазақстан спартакиадасында 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанған. Ал 2019 жылы Қостанайда өткен ел біріншілігінде 60 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алған.
Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.