Танымал әзілкеш, актер Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Іс Алматы облысы Қарасай аудандық сотында қаралған. Актерге ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағы ("Онлайн платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат тарату" ) бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
"Бүгін актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге сот үкімі шықты. Сот оны 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Нұрсұлтан Жақсыгенді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Іс оның бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызымен арадағы дауға байланысты қаралды. Айыптау тарапы Нұрсұлтан Жақсыген әлеуметтік желіде бұрынғы жұбайына қатысты таратылған ақпарат арқылы оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргенін алға тартқан. Ал Нұрсұлтан Жақсыген бұған дейін кейбір даулы жазбалар өзіне қатысы жоқ екенін, оның атынан жалған парақшалар ашылғанын мәлімдеген. Сот процесінің соңғы отырыстары жабық форматта өтті", - деп жазды журналист Руслан Өтепбай.
Актердің бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы да сот үкімі шыққанын растады.
"Нұрсұлтан Жақсыген 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Намысым қорғалып, ақталып шыққаныма қуанып тұрмын. Себебі өте үлкен жала жабылған болатын. Ауыр жүк түскендей болды, жеңілдеп қалдым", деді ол.