Назарбаев: "Кәрімов Еуразиялық одаққа жан-тәнімен қарсы болды"

Мөлдір Қалымбет 30 қаң. 2024 17:16 12888


Экс-президент Назарбаев атышулы мемуарында Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовпен достығын баяндайды. Әбішұлы «өзбек – өз ағам» дегенге келтіре қазақ пен өзбектің бауырластығын сөз еткен деп жазады Dalanews.kz. 


«Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітапта КСРО ыдырағаннан кейінгі ТМД елдерінің саяси-идеологиялық мәселесі талқыланады. Әсіресе, Орталық Азия мемлекеттерінің Түркістан конфедерациясын құру идеясы неге іске аспағаны ашып айтылған.


Бұған қоса Н.Назарбаев саясаттағы әріптесі – Кәрімов туралы ойын сараптап, оның бірбеткей ұстанымын алға тартқан. Борис Ельцинмен ұсақ бәсінен бастап, Қазақстан-Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас шет қалмайды.


 «Ельцин мен Кәрімов бірін-бірі жақтыра бермейтін. Бір үстелде отырса, кіржіңдесіп қалатын еді. Кәрімов Ельцинмен кездесе қала, жанына міндетті түрде мені ертіп жүретін...


13 желтоқсанда Түркіменстан астанасы – Ашхабадта Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары жиналды. С.Ниязов, И.Кәрімов, А.Акаев және мен. Келіссөз үстеліне отырғанымыз сол еді, Түркіменстан тарапы  Беловеж келісіміне жауап ретінде Түркі одағын, яғни Орталық Азия елдерінің конфедерациясын құруды ұсынды.


Б.Н.Ельцин бірнеше рет Ашхабадқа хабарласып, не шешкенімізді білмекке талпынды. Ол Түркі одағының құрылғанын қаламады. Орта Азия елдерін Ресейге жақын ұстағысы келді. Кездесу аяқталамын дегенше Беловеж келісімі бойынша  қатысушылар да, М.С.Горбачёв те сағат сайын қоңыраулатты. Бұл даудың соңы ушығып кетуге шақ тұрды. Мен мұндай бөліністің соңы славяндар мен түркілердің қақтығысына ұласарын ескерттім. Оның орнына тәуелсіз мемлекеттер қауымдастығын құру туралы идеяны ортаға салдым. Міне, сол сәтте Кәрімовтың қолдауы осы істі біржақты еткен еді», – делінген мемуарда.



Кітапта Кәрімовтің Еуразиялық экономикалық одақты (әуелгі атауы - ЕврАзЭС, ред.) сынағаны, Назарбаевтың одақты құру әрекетіне қатысты пікір білдіргені қамтылған.



 «Аталған жоба Қазақстанның өзінде бірден қолдауға ие болмады. Ұсынысымды Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов пен Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов та құптамады. Олар бұл жобаны кейінге қалдырып, ақылдасуды ұсынды.


Кәрімов бірқатар басылымға: "Мұндай құрылымның қазіргі буынға, келер ұрпаққа қажеті қанша? Кеше ғана егемендік алған елдердің төбесінен қарайтын саяси ұйым құрғаннан не ұтамыз?" деп менің идеямды ашық сынға алды. Ол бұл бастамаға үзілді-кесілді қарсы болды. 


Алайда ондаған жыл Қазақстанның ұсынысын қолдамаған Өзбекстан 2005 жылы Одаққа қосылуға ниет білдіріп, 2006 жылы бақылаушы ел статусын алды. Баса айтқым келеді, 2016 жылы ел тізгінін ұстаған Шавкат Мирзиёев алғашқы Қазақстан мен Өзбекстанның бауырластық байланысын нығайтуға күш салды», – дейді Назарбаев.


Осы арада экс-президенттің кейбір тарихи фактілерді бұрмалап жібергенін ашық айтқан жөн.


Атап айтқанда, 2008 жылы Ташкент бағыт-бағдары күмәнді ЕврАзЭС-тен шығу туралы шешім қабылдаған. 2015 жылы осы ұйымның іргетасында құрылған Еуразиялық одаққа да қосылған жоқ. 2020 жылы Ташкент осы одаққа тек "тәуелсіз бақылаушы" ретінде ғана кірді.



Естелікте Өзбекстанның саяси маңызы ескерусіз қалмайды. 2015 жылы Түркияның әуе күштері Ресейдің ұшағын атып түсіргенде Ташкенттің бітімгерлік қадамға барғаны айтылған. Осы оқиғадан кейін екі ел арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлады.



Назарбаев Түркия мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты қалпына келтіруге көп күш салғанын, атап айтқанда, Түркияны Ердоғанның атынан Путинге хат жазуға шақырғанын жазады. Айтуынша, Түркия бұл ұсынысты мақұлдап, қазақстандық дипломаттармен бірге хаттың мәтінін дайындаған.


 «Ақырында бұл түйін Ташкентте тарқады. 2016 жылы Өзбекстан астанасында ШЫҰ-на мүше мемлекет басшыларының кездесуі өтті. Арадағы келісім бойынша Түркия президенті Путинге сол хаттың көшірмесін жіберуі керек еді. Елші Ж.Түймебаев сол кезде Түркияның президенті Р.Ердоған көшірмені емес, түпнұсқаны жіберуді ұйғарғанын айтты. Ол үшін көмекшісі Ибрагим Қалынды арнайы ұшақпен Ташкентке жібермекші болды.


Бұл жерде бірқатар мәселе туындаған еді. Өзбек астанасының аспаны жабық, өйткені ауқымды шара өткелі тұр. Амал болмағасын, ұшақты Шымкентке қондырып, хатты көлікпен жеткізбекші болдық. Бірақ, Кәрімов тәуекел етіп, түрік ұшағын Ташкентке қондыруға рұқсат берді. Сол уақытта түрік ұшағы Қазақстан аспанында қалықтап, жанармайы сарқылып, қай әуежай қабылдайтынын білмей дал болған еді.


Осылайша, Қалын мырза дер кезінде жетіп, хат Путиннің қолына тиді. Ресей президенті оны оқып, түрі сұрланып кеткені рас. Алайда, мен Ердоғанның татуласуға дайын екенін, оны қолдау керегін айттым. Путин даналығын тағы бір дәлелдеп, құлақ түрді, кейіннен екеуі телефон арқылып тілдесіп, түсіністі», – дейді Әбішұлы.


Өзбекстанды ширек ғасырдан астам басқарған  Кәрімов өз елінің тарихында ойып тұрып орын алады. Экономикасын алға сүйреуде де еңбегі зор деп пайымдайды Назарбаев кітабында.


«1998 жылы Астананы таныстырдық. Бұл ауқымды халықаралық шара еді, ТМД елдерінің басшыларының басы қосылды. Сол кезде Кәрімов «Астананы ауыстырып, жаңа қаланы қайта тұрғызу үшін үлкен жүрек керек. Ал, ол менің досым  Нұрсұлтанда бар» деген жүрекжарды ой айтқан еді», – деп еске алады экс-президент.


Кітапта Кәрімовпен бейресми кездесуде бүкпесіз әңгімеге ден қойып, біраз мәселені талқыға салғанын да еске алады Назарбаев.


Айта кетейік, экс-президент мемуардың бір данасын қазіргі Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевке сыйлаған.


 



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар