"Монополистерге тықыр таянды". Сарапшы Мәжіліске келіп түскен жаңа заң жобасы жайлы айтты

Кәмшат Тілеухан 28 нау. 2025 12:52 14397

Жақында Мәжілісте бәсекелестікті дамыту жөніндегі заңнамаға енгізілмек өзгерістер мен толықтырулардың жобасы таныстырылды. Ондағы қарастырылған шаралардың бірі  - тұтынушылардың құқықтарын қорғау және бәсекелестік ортадағы бұзушылықтарды азайту мақсатында заңнамаға ұжымдық талап-арыз механизмін енгізу. Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы Санжар Қалдаров бұл елімізде ауыздықтауға онша-мұна көне бермейтін монополистермен күресте мықты құрал бола алатындығына сенімді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұжымдық талап-арыз – тұтынушыларға қарсы монополиялық әрекеттерден зардап шеккен азаматтардың сотқа бірлесе жүгінуі арқылы келтірілген шығынды өтеуге мүмкіндік беретін құқықтық механизм.

«Мұндай механизмнің Қазақстанда пайда болуы монополияға қарсы заңнаманың бұзылуынан зардап шеккен тұтынушыға келтірілген залалды өтеуге ғана емес, сонымен бірге елде жаңа монополистердің пайда болуын да тежеуге сеп болмақ. Заң жобасы бойынша, құқықтары бұзылған тұлғалар (тұтынушылар) тобы сотқа шығындарды өндіріп алу үшін бірге жүгіне алады. Бұл ретте соттың талап-арызды қабылдау үшін ол кемінде 30 адамның атынан берілуі қажет. Топтың негізгі белгісі – бұзылған құқықтар мен шағымдардың, оларды қорғау тәсілдерінің біртекті болуы», - дейді Санжар Қалдаров.

Ұжымдық талап-арыз тек шағымданушылар тобының ғана емес, сондай-ақ осы құқық бұзушылықтан зардап шеккен өзге де ықтимал тұлғалардың атынан берілуі мүмкін.

«Бұл – «opt-out» моделі. Мұндай модель АҚШ-та кеңінен қолданылады және шағымданушы топқа қатысы бар, бірақ шағымға қосылмаған немесе өздеріне залал келтірілгенін білмейтін адамдардың да құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді. Процеске дейін зардап шеккен барлық тұлғаға талап-арыздың берілгені туралы жария хабарлама жіберіледі, Қазақстанда мұндай хабарламалар ашық түрде немесе электронды құжат арқылы таратылатын болады. Opt-out моделінің басты артықшылығы – зардап шеккендер саны мыңдаған, тіпті миллиондаған адамды құрағанда, олардың барлығының мүддесі міндетті түрде ескеруге жататындығында», - дейді сарапшы.

Қазіргі уақытта Қазақстанда антимонополиялық заңды бұзу арқылы келтірілген шығындар негізінен тек мемлекетке ғана айыппұл түрінде төленеді. Мысалы, баға белгілеуде өзара келісіп алған компаниялар монополиялық жолмен тапқан табысының 5%-ына дейінгі көлемін айыппұл ретінде төлейді. Монополияға қарсы агенттіктің дерегінше, соңғы екі жылда бюджетке осындай айыппұлдар түрінде 11 млрд теңге қаражат түскен. Алайда мұндай істерде, шын мәнінде, басты зардап шегушілер – мемлекет емес, қарапайым тұтынушылар.

БҚДА мәліметінше, әрбір жеке тұтынушының шығыны орта есеппен 3-5 мың теңге шамасында болады. Ал мұндай шағын соманы өндіру үшін адамдар жеке талап-арызбен сотқа жүгінуге құлықсыз. Оның үстіне, көп жағдайда тұтынушылар өз құқықтарының бұзылғанын білмей де жатады.

«Осы тұрғыда ұжымдық талап-арыз институтының пайда болуы тұтынушылардың құқықтарын кеңінен қорғауға жол ашады. Сондай-ақ ол ірі бизнестің заңсыз әрекеттеріне қарсы қарапайым азаматтардың бірігіп әрекет етуіне мүмкіндік береді. Бұл институт елімізде жаңа монополистердің пайда болуына тосқауыл қоюшы күшке айналады. Ұжымдық талап-арыз механизмі сұйытылған газ, әуе билеттері, дәрі-дәрмекті сақтау және тасымалдау сияқты салаларда жиі қолданылуы мүмкін», - дейді сарапшы.

Жалпы алғанда, сарапшының пайымдауынша, ұжымдық талап-арыз институтының пайда болуы Қазақстанда бәсекені қорғау мен тұтынушылардың құқықтарын нығайту бағытындағы оң қадам болмақ. Бұл бастама алғаш рет 2023 жылдың соңында жарияланған болатын. Кейін заң жобасы қайта қарауға жіберілді. Бұл жолғысында талап-арызды беру тәртібі, залал көлемін анықтау мен оның орнын толтыру механизмдері нақтыланған.

«Дегенмен, бұл механизмнің іс жүзінде тиімді жұмыс істеуі үшін БҚДА мен өзге де құзырлы органдар заңнамалық жұмыстардан бөлек, ақпараттық-коммуникациялық жұмыстарды күшейтуі қажет. Себебі бұл реформаның нәтижесіне мемлекет те, қарапайым азаматтар да бірдей мүдделі», деп сөзін қорытады Halyk Finance Талдау орталығының сарапшысы.

Бұған дейін Алматыда берген несиелерінің үстеме пайыздық сыйақы мөлшерлемесін асыра белгілеген алты микроқаржы ұйымның заңсыз әрекеттері әшкереленген болатын


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар