Әлия Назарбаевамен байланысты компанияның қымбат құрылғылары шаң басып жатыр - министр

Көркем Алдабергенова 26 нау. 2025 13:27 447

Қазақстандағы екі облыста қоқысты сұрыптау жобалары бірнеше жылдан бері іске қосылмай келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Ақтөбе облысында жылына 60 мың тонна қоқыс сұрыптайтын зауыт әлі іске қосылмаған. Осындай жағдай Абай облысында да қайталанып отыр, онда жылына 100 мың тонна қоқыс сұрыптауға арналған зауыттың құрылысы жоспарланған еді.

Белгілі болғандай, бұл екі жоба да атышулы «Оператор РОП» компаниясы тарапынан қаржыландырылған. 2021 жылы Ақтөбе облысындағы жобаға 1,6 млн еуро, ал Абай облысына 2,6 млн еуро бөлінген.

Министр Нысанбаев журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, «Оператор РОП» қоқыс сұрыптау зауыттарына қажетті жабдықтарды сатып алғанын, алайда олар әлі күнге дейін іске қосылмағанын жеткізді.

"Барлық жабдық қазір шаң басып тұр, олар орнатылмаған, жұмыс істемейді", деді министр.

Оның айтуынша, Семейде тек ғимарат құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген.

– Негізгі мәселе – ғимараттың жоқтығы. Бұл жабдықтар орнатылып, пайдалануға берілуі тиіс. Біз бірнеше рет әкімдікке жүгіндік, бүгін тағы да мәселені көтердік. Жақын арада барлық жабдықтың монтажын жылдамдатып, іске қосады деп үміттенеміз, – деді министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар