– Жергілікті атқару қызметіндегі мемлекеттік органдар халықтың әл-ауқатын көтеруді көздейтін әлеуметтік саясатты жүзеге асырып жатыр. Алайда баспана жайы әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Біз халықпен жүздесіп, кездесу өткізген кезде тұрғындардың дені осы мәселені қозғады, – деді ол.
Осы орайда сенатор азаматтарға пәтер алуға көмектесетін қаншама мемлекеттік бағдарлама бар екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда мемлекет «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бағдарлама негізінде бірнеше бағыт бойынша тұрғын үйлер салынады. Яғни, жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазақстан ипотекалық компаниясы, «Самұрық Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, апатты тұрғын үйлер бойынша», - деді ол.
Алайда, Дархан Қалетаевтың пікірінше, бұл бағдарламалар бойынша жас отбасыларға қойылатын талап тым жоғары екен.
– Отбасыларға (жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламалар бойынша – автор) пәтер алған кезде жасқа шектеу қойылады. Кейбір талап бойынша ерлі-зайыптылардың міндетті түрде балалары болуы керек. Сондай-ақ, некеде 3 жыл тұруы тиіс. Өзінің әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлаған жастар отбасы құруды кейінге қалдырып жатады. Сондықтан (мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтер берілген уақытта – автор) жас отбасылардың жас мөлшерін қайтадан қарап шығу қажет, – деді ол.
Осыған байланысты сенатор Премьер-министрге арнайы ұсыныс жасады. Оның айтуынша, жас отбасыларға қойылатын жас шектеуін 29-дан 35-ке дейін көтеру қажет.
– Бақытжан Әбдірұлы, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қойылатын кейбір категориядағы жас мөлшерін 35-тен 39-ға дейін, ал жас отбасылар үшін 29-дан 35-ке дейін көтеру қажет, – деді ол.