Кітапхана қызметкерлерінің жалақысы тым төмен – депутат

Қаракөз Амантай 12 ақп. 2025 16:27 1240

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова “Ғылым ордасы” құрамына кіретін Орталық ғылыми кітапхана, Қазақстан ғылымы тарихы музейі, археология және табиғат музейлері, сондай-ақ Ғылыми архивтің әлеуметтік мәселелері бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сүлейменова аталған сала бойынша бірқатар мәселені атады. 

"Қазіргі таңда Орталық ғылыми кітапханада 5,8 миллионнан астам бірегей басылым, XV-XVIII ғасырларға жататын 20 мың қолжазба және 900 мыңға жуық ғылыми кітап сақталған. Бұл – елдің зияткерлік қазынасы. Алайда кітапхананың климаттық жүйесі істен шыққан: қыста бөлмелер суық, жазда ылғал жоғары. Соның салдарынан тарихи құнды кітаптар бүлініп, беттері үгітіле бастаған. Бұған қоса, кітапхана қызметкерлерінің жалақысы тым төмен: 20 жылдық тәжірибесі бар мамандар бар болғаны 100 мың теңге еңбекақы алады. Өзге кітапханаларда жалақы кезең-кезеңімен өсіп жатқанымен, “Ғылым ордасы” құрамында болғандықтан, бұл мекемелерге мұндай өзгерістер жетпей отыр", - деп ашынды депутат. 

Еске салайық, бұған дейін депутат Жұлдыз Сүлейменова бюджеттік мекемелердегі техникалық қызметкерлердің — еден жуушы, сантехник, электрик, аула сыпырушы сияқты жұмысшылардың еңбегін әділ бағалап, жалақысын арттыруға бағытталған бірыңғай жүйе енгізу қажет екенін атап өткен еді.

Депутат премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, маңызды мәселені көтерді.

Айтуынша, соңғы жылдары азаматтық қызметкерлердің еңбекақысы жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсіп келеді. Алайда бұл өсім өңірлер мен аудандарда біркелкі емес, тіпті бір қаладағы мекемелер арасында да айырмашылық бар. Бұл жағдай техникалық қызметкерлер арасында түсініспеушілік туғызуда.

Осы тұста, депутат жалақының әділетті бөлінуін қамтамасыз ету үшін бірыңғай жүйе енгізу қажет екенін атап өтті. 

Сонымен қатар ол жөндеу жұмыстары үшін қосымша төлем қарастырылмайтынын да қосты. Оның айтуынша, бұл мақсатқа бюджеттен қаражат бөлінгенімен, қарапайым жұмысшыларға қосымша міндет жүктеледі.

“Бұл – еңбек заңнамасына қайшы. Егер бюджетте қаражат қарастырылған болса, техникалық қызметкерлерге жөндеу жұмыстары үшін тиісті төлем төленуі тиіс”, – деді ол.

Оның сөзінше, кей жұмыстарға қосымша ақы төленбейді.

"Тағы бір өзекті мәселе – хлор қолданатын жұмыстар үшін қосымша ақы төленбейді. Бұл мәселеге қатысты нақты шешім қабылданбаған. Сол себепті оны жедел қарастыру қажет", - деп қосты ол. 

Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, азаматтық қызметкерлердің еңбекақы жүйесін жетілдіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда бұл өзгерістер техникалық персоналға қалай әсер ететіні әлі белгісіз.

“Ақпараттың жетіспеуі жұмысшылар арасында түсініспеушілік туғызады. Жалақыны арттыру тетігі ашық түсіндіріліп, бірыңғай еңбекақы жүйесі енгізілуі керек”, – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар ол техникалық қызметкерлердің ауыр еңбегін ескере отырып, жалақыны арттыру әдістемесіне еңбек өтілі, жұмыс жүктемесі және атқарылатын жұмыстың күрделігі сияқты факторлар енгізілуі тиіс екенін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар