"Балаларыңыз шуласа, 118 мың теңге айыппұл төлейсіз". Тағы бір ақпарат елдің жағасын ұстатуда

Кәмшат Тілеухан 11 ақп. 2025 16:43 1297

Әлеуметтік желіде көптің жанына ауыр тиген тағы бір айыппұл түрі туралы ақпарат тарауда. Оған сенсек, енді күндізгі уақытта балалары шулағандарға да айыппұл қарастырылатын көрінеді. Бұл ақпараттың алғашқы көзін Factcheck.kz-дағы әріптестеріміз Instagram-дағы парақшалардың бірінен тапты. 17 қаңтарда жарияланған бұл хабарламада: "Балаларыңыз шуласа, 118 мың теңге айыппұл төлейсіз" делінген, деп жазады Dalanews.kz.

Таратылған хабарламада Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы талаптарын және гигиеналық нормативтерін бұзуға қатысты 425-бабы қамтылған. Бұл бапқа сәйкес, жеке тұлғалар 30 АЕК (117 960 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі жазаға кесіледі, яғни жазбада айтылып отырған 118 мың теңге осы!

Сарапшылар денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы бұйрығында көрсетілген гигиеналық нормативтер кестесінде әртүрлі үй-жайлар мен аумақтарда рұқсат етілген дыбыс деңгейі туралы ақпарат бар екенін нақтылайды. Онда тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердегі шу деңгейі: жұмыс күндері 9:00-ден 22:00-ге дейін және демалыс күндері 10:00-ден 23:00-ге дейін 55 дБА-дан (акустикалық децибел) және жұмыс күндері 22:00-ден 9:00-ге дейін және демалыс күндері кешкі 23:00-ден 10:00-ге дейін 45 дБА-дан аспауы керек. 

Алайда, жазба авторы бұл арада балалар шуын неге негізге алғаны белгісіз, өйткені нормативтер дыбыс көзін нақтыламайды іс жүзінде олар адамдардан бастап тұрмыстық техника да болуы мүмкін.

Барлық жайтты егжей-тегжейлі зерттей келе, сарапшылар мынандай қорытынды шығарды: Қазақстанда балалардың шуына салынатын жаңа айыппұл түрі жоқ, сонымен қатар балалар шығаратын шуды реттейтін жекелеген заңдар да жоқШудың максималды деңгейінің нормаларын белгілейтін заңдар бар, бірақ олар бұрыннан бар.

Бұған дейін ел азаматтарын көлігін бес минуттан артық қыздырғандарға салынатын айыппұл қатты ашуын туғызған. Алайда, кейіннен көлікті бес минуттан артық қыздыруға заңда тыйым салынбағаны белгілі болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Бақытжан Базарбек мәлімдеді. Ол комитет тиісті түзетулер енгізгенін, оған сәйкес осындай нормаларды жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар бекіте алатынын атап өтті.

- Сіздер (мемлекеттік органдар) заңда “бес минут” деген түсініктің жоқ екенін түсіндірулеріңіз керек еді. Осылай шулатып жіберген өздеріңіз, қазір бүкіл халық бес минут туралы айтып жүр. Мұны ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар бірігіп түсіндіруі тиіс еді. Ал қазір, түсіндіру жұмыстарының жүргізілмеуінің салдарын көріп отырмыз. Көптеген адам осы мәселені хайпқа айналдырып жіберді, – деді депутат. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар