Кейінгі үш жылда көмір саласы 37 млрд теңге шығынға батқан – Бектенов

Қаракөз Амантай 08 мам. 2025 16:51 191

Қазақстанның көмір өндіру саласында кейінгі үш жылда 37 миллиард теңгеден астам сомаға заңбұзушылық тіркелген. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының ресми сауалына жауап бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет басшысының айтуынша, Қаржы министрлігі бекітілген тәртіпке сай көмір өндіруші недропайдаланушыларға салықтық бақылау жүргізіп келеді. Нәтижесінде трансферттік баға қалыптастыру мен салықтық тексерістер аясында бірқатар заңбұзушылық анықталып, залал сомасы 37 млрд теңгеге жуықтаған.

“Халықтың және коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатында отын сату тауарлық биржалар арқылы жүзеге асырылады. Бұл делдалдардың бейберекет қатысуына тосқауыл қойып, көмірдің қайта сатылуын шектейді және баға манипуляциясын анықтау деңгейін арттырады”, — деді премьер-министр.

Оның сөзінше, 2024 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Биржалық сауда және кәсіпкерлік мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған. Бұл құжат тауарлық биржалар саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді көздейді.

Енді бақылау субъектілерінің қатарына тек биржалардың өзі ғана емес, сонымен қатар клирингтік ұйымдар мен биржалық брокерлер де енеді. Ал монополияға қарсы орган биржа қызметін уақытша тоқтату немесе лицензиясынан айыру құқығына ие болады, егер олар заң бұзса немесе кірістерді заңдастыруға (ақша жылыстатуға) жол берсе.

Сонымен қатар Бектенов 2025 жылғы наурызда Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлар тізімін бекіткенін, ал Үкімет 25 сәуірде №273 қаулымен осы тауарларға сауда жүргізетін биржаларға қойылатын талаптарды белгілеу туралы қаулы қабылдағанын атап өтті.

“Энергетикалық қауіпсіздікке тікелей ықпал ететін бұл ресурстар тек тиісті талаптарға сай танылған биржалар арқылы саудаланады. Бұл бағыттағы конкурстық іріктеу барысында биржалардың технологиялық дайындығы, бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейі мен ақпараттық жүйенің манипуляцияларға төзімділігі басты назарда болады”, — деді премьер.

Ол сондай-ақ көмірді тікелей халыққа сатудың үлесі 2023 жылдың наурызында 10%-дан 50%-ға дейін арттырылғанын еске салды. Бұл көмірдің халыққа делдалсыз жетуіне ықпал еткен.

2023 жылғы желтоқсанда МТИ арнайы бұйрық шығарып, көмірді өңірлік негізде өткізу механизмін енгізген. Яғни, әр аймақта көмірді тек сол өңірде тіркелген операторлар ғана сатып ала алады. Бұл тәсіл көмір тапшылығы мен баға келісімдерін болдырмауға көмектесіп, жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз еткен.

Сөз соңында Бектенов өңірлік көмір операторларының мәртебесін нақтылау арқылы жемқорлық тәуекелдерін азайтуға көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, оператор ретінде танылу үшін теміржол тұйығы, техникалық инфрақұрылым болуы шарт және жергілікті атқарушы орган ұсынған ақпарат негізінде аккредитациядан өтуі тиіс.

“Жол картасында бұл талаптарды нақтылауға арналған өзгерістер де көзделіп отыр”, — деп түйіндеді премьер-министр.

Көмір нарығын ашық әрі әділетті ету жолында Үкімет кешенді шараларды қолға алғанымен, заңбұзушылықтар әлі де жойылған жоқ. Бұл саладағы реформа жалғасуда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар