Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов легионерлерге қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шенеунік елде енді легионерлерді тек демеушілер қаржыландыратынын айтты.
"Бүгінгі күні жаңа заңнама аясында легионерлерге мемлекеттік және квазимемлекеттік бағытта қаражат бөлінбейді. Ұлттық құрамада легионерлер жоқ. Көбіне клубтық жүйелік мәселелер. Футбол, хоккей клубтарында легионерлер бар. Оларға заңға қол қойылғалы бері қаражат бөлінбейді. Тек кәсіптік, демеушілер есебінен қаржы бөлінеді", - деді ол Ulysmedia-ға.
Министрдің сөзінше, бұл қаржы басқа бағыттарға жұмсалады.
"Көп клубта демеушілік қаражатқа легионерлер жұмыс істейді. Бүгінгі таңда әлемдік, республикалық аренада болсын, бәсекелестік орнатқысы келсе, тек демеушілер есебінен қаржыландырылады", - деп жауап берді министр Ulysmedia-ға.
Еске салайық, жуырда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ, артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Бұл заңға сәйкес енді шетелдік легионерлерді халық асырамайды.
"Шетелдік легионерлерді бюджеттен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады", - деп жазылған хабарламада.
Бұдан былай бюджет қаражаты тек төрт бағытқа:
- жоғары жетістіктер спортына, оның ішінде спорттың басым түрлеріне,
- мемлекеттік дене шынықтыру-спорт ұйымдарының қызметіне,
- бұқаралық спортқа,
- спорттық инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады.