Бес баланың анасы мәжбүрлі түрде жындыханаға жатқызылды: ДСМ түсініктеме берді

Көркем Алдабергенова 28 қаз. 2025 10:20

Ақтөбеде көпбалалы әйелді психиатриялық ауруханаға жіберіп, кейін оны сау деп таныды. Бұл жағдайға қатысты Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

15 қазанда әйелдің балалары анасының мұра мәселесіне байланысты жанжалдан кейін еріксіз түрде психиатриялық ауруханаға жатқызылғанын мәлімдеген. Бір апта өткен соң әйел өзі видео жариялап, онда дәрігерлер консилиумы оны толық сау деп танығанын айтқан.

Министрліктің түсіндірмесі

"Психиатр-дәрігердің белгілі бір сәтте қойған диагнозы сол уақыттағы науқастың жағдайын көрсетеді. Ол клиникалық белгілерге, бақылау нәтижелеріне және тексеру деректеріне сүйенеді", – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

Ведомствоның мәліметінше, уақыт айырмашылығын және науқастың психикалық жағдайындағы өзгерістерді ескерген жағдайда екі қорытындының да дұрыс болуы мүмкін.

Еске салайық, 16 қазанда Ақтөбеде бес бала өз отбасында болған жағдайға байланысты президент пен қазақстандықтардан көмек сұрап, видеоүндеу жариялаған болатын. Олар бастапқыда Ақтөбе қаласындағы "Аяла" балалар орталығында уақытша орналасқан. Балалардың айтуынша, анасы бір күннің ішінде мәжбүрлі түрде психиатриялық ауруханаға жатқызылып, ал өздері орталыққа жіберілген. 

Видеода балалардың бірі отбасының басындағы жағдайды түсіндіреді. Оның сөзінше, олар осы уақытқа дейін нағашы әжесінің қолында тұрған. Алайда үйге байланысты туыстар арасында дау туындағаннан кейін, анасына қысым көрсетіліп, үй үлесінен бас тарту туралы өтініш жазуға мәжбүрленген. Осы оқиғадан соң анасы ауруханаға жатқызылып, балалар "Аяла" орталығына жеткізілген.

Ал 23 қазанда ақтөбелік бес баланың анасына қатысты жаңа дерек шықты. Бұл туралы әлеуметтік желіде белсенді Ақмарал Басирова мәлімдеді. 

Белсендінің сөзінше, 24 маманнан құралған консилиум бес баланың анасы Жұлдыздың жағдайын қарап, ол толықтай сау деген қорытынды жасаған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар