Алматыда автобустар мен өзге де жолаушылар көлігі үшін рұқсат етілетін ең жоғары жылдамдықты сағатына 50 шақырым етіп белгілеу мәселесі қарастырылып жатыр. Қалалық полиция департаменті осы талапты заңнамаға енгізу жөнінде ұсыныс жолдаған. Дегенмен бастаманың нақты қашан мақұлданып, қолданысқа енгізілетіні әзірге айтылған жоқ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Bes.media мәліметінше, мұндай ұсыныстың көтерілуіне қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жол ережесінің жиі бұзылуы себеп болған. Биыл жыл басынан бері олардың қатысуымен 13 мыңнан астам заңбұзушылық анықталды. Соның 11 704-і жылдамдықты асыруға қатысты. Тағы 1 591 жағдайда жүргізушілер бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен.
Полиция дерегінше, қоғамдық көлік тізгіндеген азаматтардың көлік басқарып келе жатып телефон пайдаланған 51 дерегі тіркелген. Сондай-ақ жаяу жүргіншіге жол бермеудің 10, маневр жасау талабын сақтамаудың 6 жағдайы анықталды. Бұдан бөлек, тағы 109 түрлі құқықбұзушылық есепке алынған.
Қала көшелеріндегі автоматты бақылау жүйелері де жол ережесінің жаппай бұзылатынын көрсетіп отыр. 2026 жылдың басынан бері камералар 127 730 заңбұзушылықты тіркеген. Ал патрульдік полиция қызметкерлері 223 әкімшілік хаттама рәсімдеді.
Ресми мәлімет бойынша, биылғы сегіз айда жолаушылар көлігі жүргізушілерінің кінәсінен Алматыда 335 жол апаты болған. Соның салдарынан төрт адам көз жұмып, 421 адам жарақат алды. Ал 2025 жылдың қорытындысында қоғамдық көлік жүргізушілері кінәлі деп танылған 438 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жеті адам қаза тапқан және 537 адам зардап шеккен.
Қоғамдық көліктің қауіпсіздігі арнайы профилактикалық шаралар кезінде де тексеріледі. Мамандар автобустардың техникалық жағдайын бағалап, олардың белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылайды. Автопарк басшыларымен кездесулер өткізіліп, жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптары түсіндіріледі. Бұған қоса, автобустардағы бейнекамералар арқылы жүргізушілердің әрекеті қосымша бақылауға алынған.