Алматыда 4 қазаннан бастап ақылы автотұрақтардың сараланған тарифтері енгізіледі. Бұл туралы «Вечерний Алматы» басылымы жариялаған тізімде айтылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңа жүйеге сәйкес, қаладағы тұрақ орындарының құны орналасқан жеріне, сұраныс деңгейіне және көлік ағынының тығыздығына қарай 100, 150 және 200 теңге болып белгіленеді.
Ең төменгі тариф – 100 теңге. Бұл санатқа Тілендиев, Брусиловский, Тұркебаев, Мұратбаев көшелерінің бірқатар бөліктері, Абай даңғылының кей учаскелері және басқа да көшелер енгізілген.
150 теңгелік тариф Манас, Байзақов, Әуезов, Жароков, Төле би, Гагарин көшелері мен даңғылдарының жекелеген бөліктерінде қолданылады. Сондай-ақ бұл санатқа «Сайран» автотұрағы, Бас ботаникалық бақтың оңтүстік кіреберісі маңындағы тұрақ орындары және бірқатар сауда нысандарының жанындағы автотұрақтар кіреді.
Ал ең жоғары тариф – 200 теңге. Ол әл-Фараби даңғылы бойындағы «Нұрлы Тау» бизнес орталығының маңында, Достық, Сейфуллин, Абылай хан даңғылдарының, сондай-ақ Панфилов, Қонаев, Желтоқсан, Төле би, Қазыбек би және қала орталығындағы өзге де көшелердің жекелеген учаскелерінде белгіленеді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, сараланған тарифтер 4 қазаннан бастап күшіне енеді. Сонымен қатар, ақылы автотұрақтарға жақын маңда тұратын тұрғындар үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша автотұрақтарды тегін пайдалану мүмкіндігі сақталады.