Қазақстанның бірнеше қаласында ресейлік әншінің концерті өтпейтін болды

Көркем Алдабергенова 28 қаз. 2025 09:13

Ресейлік әнші Акмаль Ходжаниязовтың (Akmal) Павлодар мен Өскемендегі концерттері өтпейтін болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Павлодарда өтетін екі концерт 28 қазанда Естай атындағы Мәдениет сарайында жоспарланған еді. Алайда Мәдениет сарайы әкімшілігі ғимаратта коммуналдық ақауларға байланысты келесі күндері жабық болатынын хабарлады. Сондай-ақ әртістің Өскемендегі концерті де өтпейтін болды. Бұл туралы әнші өз тыңдармандарына Instagram арқылы хабарлады.

Бұған дейін ресейлік әнші Петропавлдағы концертінен кейін қоғамның наразылығына тап болған еді. Сол концерт кезінде көрермендердің бірі сахнаға шығып, әншіге сыйлық салынған пакет берген.

Сыйлықты алған Akmal сахнадан:

"Бұл пакетті өртеп жіберіңіз, түсі ұнамай тұр", – деген.

Ал пакет көк және сары түсті болған – бұл Қазақстан туының түстерімен сәйкес келеді. Әншінің бұл сөзі әлеуметтік желілерде үлкен сын туғызды. Көптеген қолданушы оны ұлттық рәміздерді қорлау деп атап өтті.

Кейін Akmal-дың Қостанайдағы концерті де өтпей қалды – ресми себеп ретінде жарықтандырудағы техникалық ақаулар көрсетілді.

Қазақстандық журналист Ришат Асқарбекұлы бұл жағдайға қатысты ойын ашық жазған.

"Небәрі 21 жаста, енді ғана танылып келе жатқан мұның саясатта несі бар десеші?! Өзінің шыққан жері Орталық Азиядан. Бірақ солтүстіктегі көршінің пропагандасымен миы уланған екен. Дәл осы көрініс қазнеттің ашуын туғызып, ресейлік әншінің бұл әрекеті қызу талқыланып жатыр. Көк пен сары түс тек Украина емес, Қазақстан туында да бар. Бұл бізді сыйламаушылық және ел рәміздеріне деген құрметсіздік деп пікірлерлер жазылды", - дейді ол. 

Акмаль Абдулхалитович Ходжаниязов - Akmal’ лақапатымен белгілі Ресей әншісі, ұйғыр ұлтының өкілі, Түрікменстанда туған. "Из-за тебя", "Вдоль дорог" және "По полюшку" атты хиттарымен танымал.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар