Сотталған экс-шенеунік Бақытгүл Хаменова тойда жүр

Көркем Алдабергенова 28 қаз. 2025 11:47

Атырауда пара алғаны үшін сотталған бұрынғы облыс әкімінің орынбасары және экс-депутат Бақытгүл Хаменова тойда жүр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде тараған видеода ол шенеуніктер мен полицейлердің арасында, құрметті қонақ ретінде алдыңғы қатарда тұрғаны байқалады.

Бақытгүл Хаменова 4,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Пара Абай ескерткішін орнату кезінде алынған. Сот шешімімен ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, мүлкі тәркіленуге тиіс еді.

2022 жылы 15 қарашада Атырау қаласының №2 соты Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бостандығынан айыру, алайда кәмелетке толмаған балалары барын ескере отырып, жазаны үш жылдан кейін өтеу жөнінде үкім шығарды.

Сот үкімінде Бақытгүл Хаменованың мүлкі тәркіленетіні, "Құрмет" ордені мен мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырылғаны көрсетілген.

Сот залынан уақытша бостандыққа шыққан соң Бақытгүл Хаменова "сот үкімімен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін" мәлімдеді.

Бақытгүл Хаменова ісімен бірге қаралып жатқан Атырау облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы жетекшісі Ақылбек Рысқалиевті судья Жұмағали Тәшімов 7 жылға, "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамовты 4 жылға бостандығынан айырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар