Екібастұз қаласында ерекше қажеттілігі бар бүлдіршін дамыту орталығындағы бейімделген дене шынықтыру сабағынан соң жарақат алды. Осы оқиғаға байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада жаттықтырушының қыз балаға дөрекі қимыл танытып, қолынан тартып, лақтырып жібергені байқалады. Туыстарының айтуынша, баланың қолына гипс салынған.
Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шәкеневаның хабарлауынша, қыз бала қазір үйінде, жағдайы бірқалыпқа келе бастаған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігіне сәйкес іс қозғалды. Бұл бапта баламен қатыгездік танытып, тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамаған адамға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
