Түн ішінде Семейде өрт шығып, үш үй жанып кеткен

Сағыныш Сардарова 28 қаз. 2025 09:18

Түн ішінде Семейде өрт шығып, бірнеше үйді шарпыды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Семей қаласында Гёте көшесіндегі жеке аумақта өрт шыққан. Алдын ала мәлімет бойынша өрт алдымен уақытша баспанада басталып, кейін қасында тұрған тұрғын үйге тараған. Тығыз орналасқан жеке үйлердің салдарынан тілсіз жау көрші үйге де тез таралған.

Өрт сөндіру бөлімшелерінің алғашқы құрамдары оқиға орнына шақырту түскеннен кейін бес минут ішінде жеткен.

"Алайда өрт туралы хабар кеш берілгендіктен, келген кезде үш үйді жалын шарпыған еді. ТЖД қызметкерлері судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етіп, өрттің таралуын шектеді. Өрт жалпы ауданы шамамен 220 шаршы метр аумақта сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге 30-ға жуық жеке құрам қызметкері мен 10 техника жұмылдырылды",- деп жазылған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар