«Тұран әлем банкінің» бұрынғы қожасы, Мәскеу инженерлік-физикалық институтын үздік бітіріп, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жеке бизнесін бастаған кәсіпкер, ҚР энергетика, индустрия және сауда министрі болып қызмет атқарған, жуырда ғана Франция соты Ресейге экстрадациялауға шешім шығарған тұтқындағы Мұхтар Әблязовты білетіндер, оның балалық шағынан бастап әр істе алға қойған мақсатына жетпей қоймайтын бірбеткей болғанын айтады. Сонау жастық шағында, Мәскеуде оқып жүрген кезінде-ақ ол өзінің группаластарының ортасында өте беделді болған деседі. Өйткені, оның оқуда озат болуы, алғабасарлығы, шыншылдығы мен турашылдығы тұрғыластарын тәнті етпей тұрмайды екен. Сондай-ақ, жұқалтаң, тапалдау келген азиат жігіттің бастамашылдығы, кейде бір тоға, енді бірде өте ашық ақтарылатын мінезі де өзгелерді өзіне қаратуға септесіп тұратын қасиетінің бірі болғанға ұқсайды.
Мұхтар Мәскеуде жүріп-ақ озық ойлы жастардың қатарына енген деседі. Ал ол кезгі Мәскеу тәкаппар еді. Орыс ұлтынан өзгені бір пәс төмен көретін.
«Компьютер басты» Әблязов
Ол 2005 жылы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа хат жазып, өзінің қателескенін айтып, кешірім сұрау арқылы түрмеден босап шықты. Бұдан дәл 3 жыл бұрын ол Қазақстан Демократиялық таңдау қозғалысын құрушы әрі қаржыландырушы ретінде саяси алаңға шығып, «мемлекеттік құрылымға қауіп төндіргені» үшін әріптесі, Павлодар облысының сол кездегі әкімі Жақияновпен бірге сотталған еді. Әблязов «жаздым, жаңылдым» деді. Жақиянов олай етпеді. Жазасын толық өтеп шықты. Оның бұл қадамын сынаушылар да, қоштаушылар да көп болды. Түрмеден шыға салысымен көп өтпей сол кездері аты шетел түгіл елімізге танымал емес «БТА банкінің» басшылығына келді. Бар-жоғы екі-үш жылдың ішінде банк ТМД елдерінде ең үздік әрі сенімді банктердің сапына қосылып шыға келді. Егер сол кездері Қазақстандағы банк жүйесіне зер салған болсаңыз, елдің сенімі тек осы банкке айрықша ауғанын білесіз. Депозиттік салымдар күн санап, ай санап өсіп, ел аумағынан сырт ТМД, тіпті одан өзге елдерде де банктің жұмыс жоспары құрылды. Тек 2009 жылы «қаржылық алаяқтыққа» байланысты іс қозғалып, Мұхтар Әблязов шетелге бас сауғалады. Сол кезде ел арасында Мұхтар Қабылұлы бастаған топ банктің миллиардтаған ақшасын шетелге заңсыз әкетіпті деген сөз желдей есті. Бұған кереғар пікір де бар. Осы күнге дейін «БТА банкіне» ақша құйып, тақырға отырдым деген бірде-бір шағымданушы жоқ.
Елдің бәрі білетін бұл оқиғаны қайталай еске түсірудегі себебіміз, Әблязовтың экономикалық сауаттылығына, менеджерлігіне, банктің жұмысын үйлестірудегі тапқырлығы мен әлемдік экономиканың даму бағытын дәл болжап, соған сай шешім қабылдау әрекеттеріне сүйсінетіндер өте көп. Оны өз ортасы осы қасиеттері үшін сыйлайтын әрі одан қорқатын да... Оның жұмыс істеу тәртібін «компьютер жадысы» бар жандар да ғана болатын ерекшелік деп түсіндіруге болады. Біреулер «ол ауадан ақша жасайтын айлакер» десе, енді біреулер «өзінің алдағы үш жылдық пайдасын бір жылда табуды меңгерген супербизнесмен» деп бағасын өсіреді.
Қазақстан оны пайдалана алды ма?
«Ол билікке қас болған жоқ, дос болуды көздеді» дейді жақтастары. Егер ол билікпен араласпай, тек бизнес саласында ғана еңбек еткен күннің өзінде еліміздегі ең ауқатты адамдардың қатарына қосылуы мүмкін еді. Өйткені, ол әу баста өз кәсібін бастап, өндірісі күн санап күйрей бастаған ТМД кеңістігінде аты мәлім бола бастаған өндіріс құрушылардың бірі болды. Оны билікке әкелген биліктің өзі. Нарықтық жүйеге енді өте бастаған ел үшін жас та алғыр, білікті мамандар керек болды. Әблязовке таңдау сол шақта түсті. Ал оның оппозиция сапына қосылуына түрткі болған Рахат Әлиевтің қысымы деседі жұрт. Рахат олардан, өзі тұрғылас биліктегі мамандардан болашақта маған қарсы тұруы ықтимал алпауыт топтың өкілдері деп сескенген болса керек. Рахаттың болашақ жоспары осы елді билеп-төстеу болған-мыс. Онымен теке-тіресте қарсы тарап жеңілді. Сол жылдары Рахаттың үстінен де қылмыстық іс қозғала жаздап, ірі тұлғалардың әрі отбасылық құрылымның араласуымен аман қалғанын, оның да кешірім сұрап, ант-су ішкенін ақпараттар легі айтады.
Мұхтарды Қазақстан толық пайдалана алмады дейтіндер де көп. Оған «БТА банкін» емес, мемлекеттік экономиканы дамыту бағытындағы қызметті беріп, билікке жақын ұстаса, ел үшін де, билік үшін де, тіпті өзі үшін де пайдалы болар еді деген көзқарас та бар. Шынымен де, біздің елде дәл осы Мұхтардай алымды әрі тез бедел мен байлыққа ие болған адамдар тым аз. Оның шетелге әкеткен ақшасы 10 миллиард доллардың үстінде. Бірақ бұл ақшаның бәрі банктің ұтымды жұмысы арқылы қолға тигенін айтушылар да көп.
Ресей неге мүдделі?
«Мұхтар Ресейді де сан соқтыра жаздаған», «Енді бірер жыл тыныш өтер болса, Әблязов Ресей мен Қазақстан экономикасын түбегейлі тұралатуы мүмкін еді». Осындай ақпараттың көптігі сонша, Әблязов магиясы бар айрықша талант иесі ме деп қаласыз. Жоқ, ол ешқандай магиямен айналыспапты. Мәскеудің іргесінен ірі қалашық тұрғызуды көздеген. Егер 2008 жылғы дағдарыс килікпегенде ол қалашық та бой көтерер еді. Сонда ол Ресей экономикасына қандай қауіп төндірді? Мұның бәрі – шахматтың тақтасы секілді күрделі дүние. Әблязов кек алуды ойлаған. Түрмеге жазықсыз отырдым деп есептейтін оның кешірім сұрағанымен, іші жылымаған. Өзін қорланған жанмын деп білген. Ол экономиканы хаосқа айналдыру оңай деп ұққан, соған әрекет еткен-мыс. Қазақстанды тұқырту үшін, әуелі Ресейдің экономикасын да күйретпек керек. Бұл екі нарықтық жүйе бір-біріне шырма-шату байланыста. Бірінің жібін тартсаң, екіншісінің тігісі сөгіледі. Егер Ресей экономикасы әлсірей бастаса, оның салдары Қазақстанға да тимек. Қаржысы азайған елдердің берекесі де кетеді. Әсіресе, демократияны бұғаулап, шынжырлап, тек шикізатқа арқа сүйеген елдердің қаржысы электронды аппараттар мен компьютерлік сан-санақтардың құбылмалы көрсеткіштеріне ғана тәуелді. Бүгін барынан ертең айрылуы бек мүмкін. Иә, Әблязовтың ол болжамы дәл келді. Ресей экономикасы шатқаяқтап, рублі құнсызданып еді, теңгенің екі аяғы аспанды көрсетудің алдында тұр... Ресейге тиген «ударлар» бізге де әсер етеді.
Ресей Әблязовқа неге сонша жабысты? Украина ше? Кек алу ма? Мүмкін. Мүмкін болатыны, олар Қазақстан тарапының тапсырмасын орындап отыр. Украина, бәлкім, басы істейтін банкирді пайдалануды көздейді.
Жоқ. Екінші бір болжам бойынша, Ресей де банкирдің «басын пайдалануға» ынтық. Оны өзіне жұмыс істеткізуге мүдделі. Мүмкін бе?.. Мүмкін...
Рахат Әлиевтің кебін кимей ме?
2013 жылы тұтқындалған Әблязовты Қазақстан, Ресей, Украина өзіне экстрадациялауды сұраумен келеді. Франция соты Премьер-министрінің қол қоюымен Ресейге беруді құптапты. Әблязов әуел бастан экстрадациялауға қарсы. Әсіресе, Ресейге беруден қауіптенеді. Бас амандығынан қорқады. Ресей онсыз да түрмелік психологияның елі. Оның Рахат Әлиевтің кебін киюі әбден мүмкін деген болжам ел арасында кезіп жүр. Себебі, кектің соңы – өкініш...