Белгілі сарапшы, Dalanews.kz сайтының тұрақты авторы Айбар Олжай Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы байланыстың соңғы нәтижелеріне қатысты пайымын жазды.
Ол қазақстандық Airbus 330 ұшағы Баку бағытына екі жылдан бері жиі қатынайтынын айтып, әуе лайнерінің командирі Гейдар Әлиев атындағы әуежайға көзді жұмып қона алатындай жағдайға жеткенін атап өткен.
"2022 жылдың ақпан айынан кейін Еуропаға Ресей арқылы шығар жол тарыла бастағандықтан, әлемдік тауар тізбегінің таңдауы Қазақстанға, ал қазақ елінің таңдауы Әзербайжанға түскені жасырын емес. Зангезур дәлізі реттелсе, үлкен Тұран коридоры: Қазақстан-Әзербайжан-Түркия бағыты Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия тауарларын Еуропаға ең тез және қауіпсіз жеткізе алатын жол статусын алады. Осы орайда, аталған үш елдің үндестігі аса маңызды. Және осы үндестік 2024 жылы одан сайын күшеймек. Анкара батыста, Астана шығыста, арамызда Баку тұр. Каспий жағасындағы әсем қаладағы көңіл-күйлер біз үшін аса маңызды. Онда бізге деген ықылас жақсы екенін білеміз", - дейді жазба иесі.
Себебі Қазақстанның Президенті шығыс дипломатиясының озық тәжірибесі аясында 2022-2023 жылдары осы көңіл-күйдің тұрақты болуына бар ерік-жігерін жұмсаған еді.
Айбар Олжай атап өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев сапар барысында алдымен Әзірбайжан Президенті Илхам Әлиевпен келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Әзербайжанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің алғашқы отырысына қатысты. Келіссөз барысында тараптар екі ел үшін маңызы бар біршама салаларға тоқталды. Оның қатарында сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ цифрландыру, азық-түлік қауіпсіздігі мен жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары да қарастырылды.
"2020 жылы Астана-Баку арасындағы тауар айналымы 100 миллион доллар еді. 2023 жылы 500 миллионға жетті. 2026 жылға дейін миллиард доллар асуын бағындыруға әбден болады.
Әлиев қазақтарға риза. Қарабақ соғысынан кейін біз Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығын салып бердік. Қазір ол жергілікті халық жақсы пайдаланып жүрген нысан болды", - дейді сарапшы.
Оның пайымынша, сапар аясындағы мықты келісім - біздің ҚазМұнайГаз бен Әзірбайжан қазмұнайгазы - SOCAR арасындағы құжат. Тараптар Ақтау – Баку – Тбилиси – Жейхан бағыты бойынша тасымалданатын Қазақстан мұнайының көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға ұлғайтпақ.
"Баку біз үшін тасымалдау тарифін төмендетеді және "Баку – Супса" мұнай құбырында қосымша орын береді. Одан бөлек SOCAR-ды біздегі геологиялық барлауға шақырдық. Газ, не мұнай тауып берсе, оларға да жақсы шарттар болады. Ал біз Әзербайжандағы мұнай өңдеу зауыттарына есік ашып отырмыз. Осылайша Каспийдің арғы жағында Румыниядағы зауыттан бөлек қосымша өңдеу қуаттарына қол жеткіземіз.
Баку 2024 сапары өте жайлы өтті. Нәтижелері ауқымды. Оның жемісін 2025 жылдары көре бастаймыз", - деп тұжырым жасайды Айбар Олжай.